Қабағы түскен сары күз,
Халіңіз қалай, халіңіз?
Жайымды несін сұрайсыз,
Жаншылып жатыр жанымыз.
Тағдырдың тиіп салқыны
Тұмауратқанбыз бәріміз.
Дертімді менің емдеуге
Табылар ма екен дәріңіз?
Өзімнен өзім үркідім,
Ауырлап кетті кірпігім.
Дәрменім жетпей, жүректің
Жамай алмадым жыртығын.
Тұманда қалған қалпымның
Ішінде дауыл, сырты – күн.
Сап-сары мұңды қайың боп
Санадан келді сілкігім.
Сағыныш жұтқан сары күз,
Халіміз осы, халіміз.
Аялдаңызшы, тоқтаңыз.
«Жаз өткен» – дейсіз, – «жоқ тамыз».
Жапырақтарды жел жұтқан,
Менімен бірге жоқтаңыз.
Мұңыма ортақ мұнар күз,
Тоқтасаңызшы, тоқтаңыз.
Көңілі күннің түспейді,
Ұшса да кетіп құс мейлі.
Қаңтардың ертең аязы
Жүректі келіп тістейді.
Тоңдырып алып, содан соң
«Тағдыр дегенің – түс» дейді.
Келеді бәрін түзегім,
Айта аласыз ба сіз емін?
Сізбенен жаны туыстас,
Сарғайып жүрген қыз едім.
Тағдыр бәлкім ендігі сәт
Мұңдарымды шаттықпен алмастырар?
Жапырағы жер құшқан тал-теректер
Аппақ жаулық жамылып,
Күздің әнін басқаша жалғастырар.
Армандарым сияқты кіршіксіз, пәк,
Жерге аман жеттің бе, алғашқы қар?
Жауа түсші, ақ қарым,
Аспан жасын тыймасын.
Аяз қысып, мейлі, мейлі қинасын.
Мұзды ерітіп, тасты да балқытатын
Жүрегімде бір сезім бар,
Көңілімде күдік емес, күй басым…
Асығамын соған қарай,
Бақытыма жетер жолда
аппақ ұлпа – үмітіңді сыйлашы.
Неліктен жетпеді үнім?
Келеріне сенсем де көктемімнің,
Бүгін жүрек жабырқау, көктеді мұң.
Өзіңді күтер жанның бар екенін
Ұмытып жүргеніңе өкпелімін.
Хабарсызсың, бармады хаттарым да,
Себеп тауып белгілі ақтарым да.
Саған деген сырымды айға ақтарып,
Қағазға жасым төгіп жатқанымда
Жұбатшы кеп.
Күткенім осы дейін.
Күн сәулесін көзіме көшірейін.
Жалт-жұлт еткен бақытты уыстап ап,
Күлімдейін, тағы да кешірейін.
Тыншымадым,
Түйсігімді тістелеп шымшыма мұң.
Хат жазысқан тәп-тәтті сәттерді аңсап,
Еріксіз өксігіме тұншығамын.
Амалымның
Жоқтығынан жүзіме жамалды мұң.
Сағындым ғой, сағындым, ерініңмен
Жасын сүртіп берсеңші жанарымның.
Біледі не?
Жете алмай жүрген жанмын тілегіне.
Мына аяз жауратты, жылытсаңшы
Жүрегімді орап ап жүрегіңе.
Күйдірді өксік өзекті,
Хатыңды күтіп қалжырап кеттім кезекті.
Өлеңімде емес, өмірімде болшы, жарығым,
Жалғыздығым әбден мезі етті.
Сергелдең сәттер өзіңді ойлап сенделген,
Шыға алмай жүрмін шырмалып қалып шеңгелден.
Қанатым сынып, құлап барамын құлдилап,
Жолығып қалып, жарамды жазып емдер ме ең?
Қансырап көңіл, асқынып дертім үдепті.
Қайдасың, жаным? Өзіңсіз өмір жүдетті.
Алақаныңа сап, әлдилеп бір сәт жұбатшы
Тек сені сүйер жүректі.
Сезіліп сырлы сөзімнен демім,
Бақытым жалғыз өзіңмен дедім.
Үңілсең егер көретін едің
Өзіңді ғана көзімнен менің.
Өшпейді мәңгі үміт – шырағым,
Ұмытшы мұңды, ұмытшы бәрін.
Өзіңсіз өксіп, жаураған жанды
Жүрегіңе орап жылытшы, жаным.
Күтемін десем жанарым талмай,
Неліктен мұңға жамалын малды ай?
Сағындым сені, сағындым, жаным,
Төзімім кеміп, амалым қалмай.
Жылжымас сәтке өкпелі екенмін,
Уақытты бекер сөккен екенмін.
Жолығыр болсақ ұғатын едің
Жүректе әлі көктем екенін.
Ұмыта алмаймын,
Ұмыта алмайсың, соны ұқтым.
Сен жайлы тәп-тәтті түс көріп,
Аспанға жорыттым.
Сағынып жүрсің бе, бейнемді серік қып,
Бал сәтке ынтығып, келді ме жолыққың?
Тоңыппын,
Жүректі мұз қарып…
Бар емім
Өзіңсің,
Және де тек сенің сәлемің.
Өмірде алыссың, қиялда қауышып,
Кеземіз мөп-мөлдір арманның әлемін.
Әлегін
Сезімнің түсініп,
Дәл сендей сүйе алмас мені ешкім.
Санамнан бір сәт те шықпайсың,
Ойыңнан кетпейтін елеспін.
Тәңірім о баста сыңар қып жаратқан,
Сеземін,
Сен бөтен емессің.
Өз-өзіммен күні бойы егесем,
Іште – дауыл, сыртта көктем демесең.
Тыныш жатқан жүрегімді тулатып,
Сабырымды ұрлап кеттің неге сен?
Сезімімнің тартып жүрмін азабын,
Сенсіз күндер бекер екен, қаза – күн.
Саусақтарым телефонның пернесін
Сүйіп жатып, тағы да хат жазамын:
«Ғашық болып қалдым саған, кешірші…»
Торлады ма жанарымды әлде мұң,
Үздігемін, үзілердей әл-демім.
Түсінші деп кімге айтамын, жаным-ау,
Өз-өзімді ұға алмайтын халдемін.
Күдік күліп, үміттерім көз ілді.
Мөлдір тамшы мекендеді көзімді.
Аласұрып, сыймай барам әлемге,
Жолыққалы жоғалттым-ау төзімді.
Мазасызбын, бермеді ғой кеш тыным,
Көз алдымнан кетер емес кескінің.
Қара түнде хат жазамын қамығып,
Сені сүю кінәм болса, кеш, күнім.
Құралай ОМАР