Жігіт жатыр… жолаушылап үйге кеп

Жігіт жатыр… жолаушылап үйге кеп,
Дәл қазіргі жағдай бөлек, күй бөлек.
Тәттілікке тілеп жатыр сәттілік,
Сезім – арқан
алға қарай сүйрелеп.
Науа көңіл, нар тәуекел, нар тілек,
Алқындырар ауыр міндет артты көп.
Еріншектің епсіздігін көрсетіп,
Келіншектің көрпесінен тартты кеп.
Әйел сонда әлденеден қысылды,
Жамылғыны жігіт төмен ысырды.
Көрпе ішіне кіріп кетті ыстық дем,
Бәлкім, олар бірін-бірі түсінді.
Барып еді бөтен, бөгде ой келмей,
Жатты әйел жағаласып, бой бермей.
Жатты бала өз-өзінен буынып,
Бұдан басқа қызық көрмей, той көрмей.
Құпиясын орап-шымқап түн жатыр,
Тентек көңіл тепсінді де тынды ақыр.
Намысына найза байлап алысқан,
Әйелдер-ай…
Әйелдер ғой шын батыр…
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *