ЖАСТЫҚ

Түнімен айтылып сырларым,
Көңілдің көбесі сөгілді.
Жасыма жазылған жырларым,
Жастығым, өзіңе төгілді.
Үзілген мөп-мөлдір тамшымен
Жуамын үміттің көйлегін.
Үнсіз ән салатын әншің ем,
Дәл бүгін келіп тұр сөйлегім.
Түсінер досымсың, білемін,
Бас сүйеп, сан мәрте жылағам.
Неше рет (жоқ мейлі жүрегің)
Өзіңді құшақтап құлағам.
Сүртеді көздегі жасты кім,
Даусымды естиді қай керең?
Тек сені табамын, Жастығым,
Түндерде,
Жоқ болсаң қайтер ем?!
 
Салмағын өлшер ме еді сағыныш көлемінің,
Мазалап түніменен сөйледі бөле – мұңым.
Жаңарып келе жатқан кешегі таңды көріп,
Ой қосып өріп бердім бұрымын өлеңімнің.
Ауысты дөңгеленіп, айналды ұршық – күнім.
“Тағы ояу өткіздің” деп жөнелді ұрсып түнім.
“Кедергі келтірмеші, ақ таңды күтемін” деп,
Ұйқымды қуып шықты бөлмемнен қырсықтығым.
Жанымды түсінбесең – мінімді көтермес ең.
Жастығым, жыр оқиын, тыңдашы, кетер ме есең?
Тастайын сызып бәрін, аяусыз шимайлайын,
“Мынауың ұнамады, жазыпсың бекер” десең.
Алғашқы сыншым өзіңсің.
 
Көрiнермiн жұмбақ тым…
Қиял – теңiз, тереңiне шым баттым.
Өзiңiздi аңсадым.
“Сiз” деп соққан жүрегiмнiң лүпiлiн
Келiп едi тыңдатқым,
Қымбаттым.
Жоқсыз.
Өзiмдi-өзiм алдадым.
Тек күтумен күндерiмдi жалғадым.
Келсеңiзшi…
Құлақ тосшы… көкiректi жарған үн
Сiзге арналған, ардағым.
Естiмейсiз… жүрегiңiз құлақсыз…
Көрiнбейсiз, бiр қалада жүрсек тағы, жырақсыз.
Сiрә, менi ұмытқан да боларсыз
…Алтыннан да бағалысыз бiрақ сiз.
 
Аспан бүгiн ағыл-тегiл жылады,
Мөлдiр тамшы қара жерге төгiлiп.
Жанарымның моншақтары құлады,
Көңiлiмнiң қабырғасы сөгiлiп.
Келмес сәттi ойладым да, ерiдiм,
Аңсағанмен оралмайды алайда.
Жаңбыр – тамшы жүздi жуды, серiгiм,
Аспан болсам көрер едiң қалайда.
Көкiрегiмнен күмбiр-күмбiр күй ақты,
Ақша бұлт боп қайда көштiң, тұрақта.
Аспан шексiз, қиялдарым сияқты,
Ол да жалғыз бiрақ та…
 
Жазмыштың құлымыз,
салғанына көндiгемiз шарасыз.
Күн дөңгелеп, ай жылжыды жаңасыз.
Жалғыздығым жабықтырды iздедiм,
Сiздi қайдан табамын?!
Менi қайдан табасыз?..
…Тоқыраған көңiлiмдi толтырып,
Тым алыстан
Қиялымның терезесiн қағасыз,
Жанарымда үмiт болып жанасыз…
Кiм бiледi,
Бәлкiм сiз арманымда ғанасыз.
Сап-сары көше кезгенiм…
Iздеп ем сенi iлестi тағы кезбе – мұң.
Iлгерi басқан қадамым кейiн кетедi,
Жолықпассың сiрә, сезгенiм.
“Көрмессiң, – дедi, – көн, естi!”
Жазмышым ғой, өртесе де өксiк өңештi.
Сағымдай болып бұлдырап бара жатырсың,
Қол жетпес және көмескi.
Күлкi де қашты жамалдан.
Дейсiң бе әлде: “жалған осы, жан, алдан!”
…Сағынышқа боялған жапырақ – жас
Үзiлiп түстi жанардан…
 
Көзсiз сезiм күйдiрдi,
Күйiп келем…
Есiм кетiп егiлдiм, сүйiп керең.
Тәп-тәттi қиял деген әлемiмнiң
Сүйкiмдi кейiпкерi ең.
Биiктер ем…
Өзiңсiз қайдан бiрақ.
Жүрсiң-ау бiздегi күй, жайдан жырақ.
Көңiлiм көкте едi, қалды бүгiн
Аппақ-аппақ арманым Айдан құлап.
Қайдан бiрақ…
Көрмессiң… Бұл түн егес –
Мазамды алды мазақтап сылқым елес.
Күп-күрең күндерiмдi жайнатпақ боп
Күлiп келем… (Алайда күлкiм емес)
…Мүмкiн емес…
Кейiпкерi – өзiңiз,
Тәп-тәттi түс көрiп жатқам тамсанып,
Сағынышын төгiп бойға сары нұр,
Әйнегiмнен сығалады жан салып.
Ақ әлемiм сарғыш тартты, жоғалды…
Сiздi сүйем бәрiбiр.
Айқастырып кiрпiгiмдi iздедiм,
Аппақ түсiм сiңiп кеттi ғайыпқа.
Өмiрiм де, өлеңiм де “сiз” дедiм.
Таудан биiк тұлғаңызды
Жұдырықтай жүрегiме
сыйғызғаным айып па?
Аспан түстес қиялымның
Балап сiздi Күнiне.
Жылынып ем, аңсауменен ауырдым.
Бағынам деп көкiректiң үнiне,
Арқаладым тәттi және ауыр мұң.
 
Өлара түнiн жек көрiп,
Сырлас Айым жерге жетпей, көкте өлiп.
Қиялымнан Ай мен сiздi тапқан ем,
Әлемiмнен алып кеттi көп көлiк.
Тәттi ойымды шуы бөлiп көшенiң,
Ұсынады “iше ғой” деп кесе мұң.
Жаным жасып жүргенде жалғыздықтан
Жұбатады дауысыңыз… кешегi үн.
Алданышым, арманымсыз, ығымсыз
…Жанарыма қонақтады шық үнсiз.
Сағынышпен тағы да бiр күн өттi…
Түсiмiзге енiңiзшi бүгiн сiз.
 
Тәкаппарлау талғамым…
Содан ба екен, тек жалғыздық жалғаным.
Арманым…
Телефонмен…
Үнсiздiкке ұйыдық.
Сездiңiз бе,
Айтарымның езуiмде қалғанын.
Тыныштықпен жасырдым…
Төзiм – сары, жүрегiмде жасыл мұң…
Алматының нөсерiндей
Жаудым дағы басылдым.
Сынығы деп асылдың,
Сүйкiмдi өмiр – қиялымда тасылдым.
Жоқ бақытты iздесiп,
Әлемiмде сiз жүресiз жүздесiп.
…Күз кешiп,
Жапырақтар сабағынан үзiлдi
“Сағынышым сiз” десiп.
“Амансың ба, қалай, – деп, – көңiл-күйiң?”
Сұрамады сүйгенiм… жыр көшедi.
Қоңыр күздей киiп ап қоңыр киiм,
Кезiп келем жабырқау сұр көшенi.
Сұр көшеден, күп-күрең бақ iшiнен
Таба алмадым жанымның жарасымын.
Мөлдiреген сезiмнен тағы iшiп ем,
Қуантпады… Суланды қарашығым.
Бал ма деп ем, бәрi де бекер ме едi?
Қоңыр үнiн естiгiм кеп тұр едiм ғой.
Телефонды, қайтейiн, көтермедi,
Шырылдаған, бiлмедi ме, жүрегiм ғой…
Қоңыр даусын естiмедiм қоңыр күзде…
 
Телефон мүлде соқпаймын,
Сағынсам дағы, бiлiңiз.
Бар болсам да ендi жоқтаймын,
Өлсе де iшiм – тiрiмiз.
Көрсем… Өзiмдi соттаймын.
Түсiме ғана кiрiңiз.
Өзiммен өзiм егестiм,
Өмiрiмнiң деп ем жырысыз.
Аспанмен, Аймен теңестiм,
Таппадым ба екен дұрыс iз?
Мен сiзге ешкiм емеспiн,
Сiз – жүрегiмдi алған ұрысыз.
Сол ғана…
 
Көз жасыммен тұншықтырып күлкімді,
Өтті күнім, өткіземін бұл түнді
Жалғыз өзім,
Сезбедіңіз,
Кеудемдегі кесек ет қызғаныштан бұлқынды.
Жанар атты бұлтымды
Ағыл-тегіл селдетіп,
Оңашада отырам, айта алмай елге түк.
Өмірімді енді мен өзгертемін деп едім,
Жалғыздыққа оралдым, басқан ізім кер кетіп.
Қайтадан сол тіршілік,
Бас шайқаймын “текке” деп.
Жүрегімнің моншағын шашып алдым көкке кеп.
Сүйенішім – қаламым,
Аппақ қағаз – достарым,
Тек солармен жұбанып, мұңайып һәм өкпелеп
Жыр жазамын түнімен.
 
Мазалайсыз түске кеп!
Ұмытар ем. Ұмытуға күш керек!
Сағыныштан өксігіме тұншығып,
Енді өзіңіз сүймейтін ерінімді тістелеп,
Жатам жалғыз,
Жалға алған үйімде.
Тіріге ұқсап, ішім өлген күйімде.
Қоштасқалы осылай.
“Қош” деу әлде сезіміме қойылатын түйін бе?
Сенбедім!
Сенделдім, бір отырып, бір шығып,
Жүрегімнен жас орнына жыр сығып.
Ең соңғы рет “сүйемін” деп айтпақ
болып тоқтатып,
Сөз таба алмай тұрып қалдым қырсығып.
 
Тағдырға бағынып, көнеміз,
Десек те “өмірге иеміз”.
Бір ысып, бір суып денеміз,
Мұздаймыз, жанамыз, күйеміз.
Қайдасыз, қай жерде кемеңіз?
Қай қырдан көрінер төбеңіз?
Ақылшым, “ақымақ” демеңіз,
Шашымнан сипалап, басымды сүйеңіз.
Жұбатар деп сізге сенеміз,
Және де тек сізді сүйеміз
Жүрек екеуіміз.
 
Хабарсыз кеттіңіз шынымен,
Ұстатпай. Ұқсайсыз қашқанға.
Хат жаздым сізге арнап түнімен
Сағыныш жайында аспанға.
Әсемдеп Айменен, жұлдызбен
Жүректің сөздерін көкке ілдім.
Сіз ұйықтап жаттыңыз бір қызбен,
Көруге шамаңыз жоқ, білдім.
Таң жақын, жұлдыздар маужырап барады,
Хаттарым тағы да оқылмай қалады.
 
Ағысымен ағып келед сең денем,
Ойламаймын не болар деп ертеңім.
Сіздің жақта бақыт бар деп сенген ем,
Жеңіліспен аяқталды ертегім.
Сіз жеңдіңіз!
Құттықтағым келеді.
Жарық әлем сізге төксін шуағын.
Елеуішпен өмір бізді еледі,
Жақсы күнге алып кетті уағын.
Қалдым сыртта – жалғыздықтың мекені,
Сорым және мұңым ауыр болғасын.
Түсінер жан табылмады жекені,
Өлең ғана сырласым һәм жолдасым.
 
 

Құралай  ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *