Жалықтың ба, қара жер,
Жарылыстан!
Жүрегімді зорлықтың зәрі қысқан.
Сенде туған, сенде өскен пенделердің
Бола алмайды бәрі жау, бәрі дұшпан.
Ашынған жан айтудан тайынар ма,
Ақ жүректің ақауы айығар ма,
Сен анасың!
Анасын аямаған
Амал-айла табылмас айуанға.
Көп болғанмен сырым да, азабым да,
Қаралы жер жоқ еді қазағымда.
Сен анасың!
Ананың көкірегін
Толтырдық па ақыры аза-мұңға?
Бар ма құдай?!
Алдына барар едім.
Кәдесіне керексе жарар едім.
Назары – пәс,
Көзі – жас,
Емшегі – тас
Ана көрсең,
Ол – менің қара Жерім!
Осы екен ғой жұрдай боп тоналғаным,
Түрмесіне тірліктің қамалғаным.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ