Ел қамын жеген ұлмын,
Түскенше жағым қашан.
Қарайып неге жүрмін,
Халқыма танылмасам?!
Заманның ағымына
Алаңдап, мұңдаспасам.
Дәуірдің дабылына
Не болам үн қоспасам?!
Елімнің жарлығына
Ой-пікір ойыспаса.
Халқымның зар-мұңына
Қабырғам қайыспаса.
Өмірдің дерегіне
Тамсанып, табынбасам.
Ақын боп керегі не,
Ағымнан жарылмасам?!
Шуағын себердей Күн,
Ашылар бағым қашан.
…
Көктемде көгермеймін,
Қыста қар жамылмасам!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ