Елге сіңген

Елге сіңген
Еңбегімен санаспай,
Жан ұшырдым –
Жақсылармен жанаспай.
Мұрынынан тұрды тарих міңгірлеп,
Мұраларды желге ұшырып «Манастай».
Күндіз – күлкі,
Қалдым түнде ұйқымнан,
Жан шошыды көрген кезде сиқымнан.
Ірілері іріктеліп елімнің,
Талшық қылдым қалған-құтқан қиқымнан.
Талықсытып
Таусылғаны-ай амалдың,
Тас түрмеге қайта-қайта қамалдым.
Діні бар деп ойламадым әкемнің,
Тілі бар деп сыйламадым анамның.
Шайқалғандай
Шаңырағым – дарағым,
Емін іздеп жанға түскен жараның.
Ұрандадым,
Тұра алмадым орнымда,
Өткеніме қайтадан бір қарадым.
Тарих тонын «шешіндірген» секілді,
Тоқыраған көшім жүрген секілді.
Талай жылдар
Талып қалып, тіл қатпай,
Енді ғана есім кірген секілді!
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *