Бауыржан Қарағызұлына

Достым,
Мені жалғыздық қой қинаған.
Мұңым күліп, жүрегімді жүр қанап.
Сыр айтпақ ем,
Тұла бойға сыймаған
Сағынышым жанарымнан сырғанап,
Іштен тындым. Жоқ тіпті үн.
Көкірегімді күйдіреді бір ащы.
Дауысыма дірілі еріп өксіктің,
Көп сөздерім күрсініске ұласты.
Ауыр демім кеңістікке жұтылып,
Ауыр ойым жүк түсірді алқымға.
Қолын беріп, “қош” деп менен құтылып,
Есіне алмай алыста жүр жартым да.
Асығамын, кеткім келіп мәңгіге,
Жүдеткенде бұл тіршілік – қыбырлақ.
Таппаған соң жөні түзу әңгіме,
“Оған сәлем айтшы” дедім сыбырлап.
Сәлемімді жеткізші, достым, оған.
Миды жаншып, ой салмақтап еңсеге,
Күйкі өмірден көңіл кейде жығылып.
Күнді көрмей отырамыз кеңседе
Күнкөрістің қамы үшін тығылып.
Жіпсіз байлап, жібермейді тіршілік,
Тұтқынымын бостандық пен өзімнің.
Қарай берем құбылаға түршігіп,
Қадап қойып қарашығын көзімнің.
Сұп-сұр қала сұр тастарды төсеген.
Асығыстау жұрт тобына ерем де,
Кешке қарай ию-қию көшеден
Ұйқас іздеп келе жатам өлеңге.
 
 
 
 
 

Құралай  ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *