Аққу өлді…
Ақкөлінен айрылды,
Қанатымен сабап-сабап айдынды.
Аңшы тұрды анық-қанық сыр ұқпай,
Ақын ғана –
Аһ ұрды да, қайғырды.
Аққу өлді…
Ақтық демін бір алып,
Осылайша опат болды бір «алып».
«Қу жанымды қалдыра гөр, құдай!» – деп
Тағдырынан өтінген жоқ, сұранып.
Аққу өлді…
(Өлетінін білмеді!)
Ойда жоқта үзілді де, тіл-демі,
Ілінгенде қарауылына мылтықтың
Іркілмеді… жүре берді ілгері.
Аққу өлді…
Ақша беттен жас тайып,
Аққуларды енді жоқтап бастайық…
Қос ауыздың ұңғысынан үрікпей
Қарауылға қарап тұрды-ау қасқайып!
Аққу өлді…
Кім еді оны өлтірген?!
Дәл
осыны
айта алмадым еркіммен.
Аққуымнан айрылған соң
Амалсыз –
Арылмадым бойға біткен дертімнен.
Аққу өлді…
Айдын көлдің ажары
Сұлық жатыр… тарқағандай базары.
…Оттан емес,
Судан емес ажалы,
Бұл сұмдыққа Адам ғана жазалы!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ