Құлашын жайып сары кеш,
Сәуірдің есті салқыны.
Болса да, жаным, бәрі кеш,
Қуандым көңіл алқынып.
Отыршы келіп қасыма,
Қарашы нұрлы көзіңмен:
Шыланған дәптер жасыма –
Естелік балғын кезімен.
Күн кештім мұңмен төзімсіз,
Алмадым және жұбана.
Кешірші, кешір өзіңіз,
Қателестім көп, сынама.
Сізден хабар үзілді…
Кеше көктем тарту еткен
Үмітімді күз ілді.
Өзіңізсіз өтіп жатқан
Сәтті санап тамшылар
Кірпігіме тізілді.
Мөлдір-мөлдір сағынышым
Жанарымнан сырғанап,
Сүйіп жатыр
Сіз сүйетін жүзімді.
Бәрі бекер екен тек…
«Аңсарыма-ау, саған қарай
Құс боп ұшып жетем» деп,
Серт беріп ап,
Жоқ болдыңыз…
Есіміңіз ғана қалды
Жүрегімде мекендеп.
Тапқандай боп ем бағымды.
Аңсаумен сізді күні-түн.
Жараладыңыз нәп-нәзік менің жанымды,
Көз ілді жылап үмітім.
Тамшылар неге мекендеп алды жанарды?
Өксікке қалдым тұншығып.
Өзіңізсіз тағы да бір күн жаңарды,
Қуантпақ болып күн шығып.
Күрсініп алам,
Қоңыр күз жұтып демімді,
Жүректің нәрі сығылып.
Аппақ армандар күдіктерімнен жеңілді,
Сезімнің туы жығылып.
Жылап тұрған аспан емес, мен едiм,
Жанарыңның жасын отын сағынып.
Аңсағанда тамшыларды төгемiн,
Көкке барып, бұлт жейдемдi жамылып.
Тұнжыраған аспан емес, мен едiм,
Жар бола алмас жалғыздықтан жабығып.
Айтшы, неге елесiңдi өбемiн,
Тәңiр берген тағдырыма бағынып?
Күрсiнген де аспан емес, мен едiм,
Көкiрегiме көзсiз көп мұң қамалып.
Әлде, жаным, “Сенi сүйем” дегенiм
Қалды ма екен жүрегiңе жамалып.
Жайнаған да аспан емес, мен едiм,
Қиялымда құшағыңа жылынып.
Перiште боп келiп едi жебегiм,
Көрiнбей-ақ, иығыңа iлiнiп.
Ақ қарыңды сағындың ба, қара жер,
Өткен күнге жете алмай өкiнiп.
Аяп сенi ағаш дедi: “Ала бер,
Мамығым – қар”
…Қона алмады…
… Өтiрiк…
Ол алдады ұсынып көп ұлпаны,
Тұрақсыздар арман жырын төкпедi.
Көрiнедi бұйра-бұйра бұлт, әнi,
Олардан да әлде қайыр жоқ па едi?!
Шашын жайып аспан сақ-сақ күледi,
Ақ қар емес, тамшыларын лақтырып.
Лайсаң кешiп менiң тәнiм жүр едi,
Өңсiз жаңбыр арсында бақ құрып.
Түссiзденiп барамын ба, Жер – Ана?
Қар сияқты ақ едiм ғой (сұрағым)
Ақ мамықты қашты тағы жел ала,
Дәл мен сынды таппады ол тұрағын…
Жасын ойнап, жаңбыр жауды, саналым,
Сенi ойлаған бұл менiң жабығысым.
Анау жасын – жарқылдаған жанарың,
Ал тамшылар – мөп-мөлдiр сағынышым.
Жасын ойнап, жаңбыр жауды. Бөлмем мұң.
Кезiп кеттiм су көшенi ертемен.
Анау отты көздерiңнен көргенмiн,
Сол от саған ғашық еткен, өртеген.
Жасын ойнап, жаңбыр жауды. Шөлдедiм.
Сусын емес, жылы сөз бен сезiмге.
Толтыра алмай күтудiң көк шөлмегiн,
Аласұрдым!
Таусылды ғой төзiм де!
Бiр күн елес –
Сағынышым пәнилiк,
Жанмен бiрге аттанатын жұмаққа.
Сенi ғана таниды, ұқ.
Ұмыта алман бiрақ та!
Мүмкiн емес!
Жүрегiме жоқ әмiр,
Көп iшiнен iздеп келем өзiңдi.
Маужырайды қоға гүл
Жоғалтып ап төзiмдi.
Үн тiлемес
Ұйып қалған қиялым.
Екеумiздi алып кеттi аспанға.
Көзiмдi ашсам, ұя – мұң,
Жас тамады тастан да.
Күркiремес,
Жасыны бар жанарың,
Тұла бойды жылытады, өртемек.
Алдың жанның қамалын!
…Жүрмегенiмдi еркелеп
Күлкi демес…
Құралай ОМАР