ӨЛЕҢ ЕМЕС ӨЛЕҢ

Тау бағып Абай, жаурадың талай
Арқаның зəрлі сан «ақпанында».
«Қан теңіз» кештің сен қабағат қанат қағымда.
Қайта келдің бе замана абызы-ау «қалың жұртыңа»
Қазақ сорлының абат таңы атқанында.
Жығылып жүдедің алақан жайып ажал соңынан,
Жылылық тіледің тас тінділердің тажал тоңынан.
Арландар тістеп, қайран бауырларыңның қоңынан
Арманда кеткен артыңнан бір топ қоңыр аң.
Сен бастарды көрмедің əйтеуір ағат кесілген,
Тағат таппаған елің, айырылып ерден Есілден.
Жұлдыздар бытырап ақыретсіздер сіңген мынау далаң да
Аһ ұрып жатыр анары шұрқ-шұрқ тесілген.
Сол дала төсінен сүт деп біз ірің емеміз,
Сор, нала шырмаған шоқынды дүрмек, тірі денеміз.
Қиылған тілінің қырқыны қалған жұртқа жапақтап,
Домбыра пернесін кезіп күңіренеміз.
Күйерміз осылай, күнсіздің мəңгі мінін сілерміз,
Кеш құдай, біздердей топтарды,
Кеш Абай күлімсілерді.
Батырын табалап, жақынын жер еткендерміз.
Ақынын сабаған ғаламда бірінші елміз.
О, мəрт Абай жүрекке таңба иттерге талатқаның да
Жаурадың талай Арқаның зəрлі сан «ақпанында»
Бармағым айтады тістеуден мəңгі қажыған;
Қазақтың қатесі – Абайды сабатқанында.
 
 
 

СҰРАҒАН РАХМЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *