Ақ малта ащыласаң – айызың қанған,
Құрт көже, ұмыт болдың қай жылдардан?!
Тортадай тоңмай қатқан торы көже
Таусылмай қайтпаушы еді Хайролламнан.
Хайролла кекіріп ап, кеселейді,
– Сегізкөз салқын тиді кеше, – дейді.
Қасарып қасат қырдай қатпар маңдай,
Шық сіңген қоңыр құмдай мақпалданбай,
Сіркесі су көтермей отырғанда,
Қайысы күнге күйген
сақпандардай,
Бәйбіше бәйек болып еселейді,
Тоңмайды омырып сап ақ қарлардай.
Содан соң сеңсең ішік жамылып ап,
Қынулы ас қатқан тердің дамылын ап,
Таралып алпыс екі тамырына,
Жүрелеп отырады жіпсіп бойы,
Жамбастап жайланып ап жатқан нардай,
Маңдайдан бір арам тер ағылады,
Мыңқ етпей алты ай бойы жатқан қардай.
Қарысып үнсіз қалған Хайрекең қарт
Со кезде шешіледі сәт таңдамай.
Ақ малта ащыласаң – айызың қанған,
Құрт көже, ұмыт болдың қай жылдардан?!
1968 ж.
* * *
Кімде жоқ дейсің бұл арман,
Менде де болды бір арман,
Сенде де болды бір арман,
Ащы ішек болып шұбалған
Ащы көліміз суалған.
Аңқамыз кепкен күндерде
Ашыған көже секілді
Арылтып еді құмардан.
Арқамыз қозып жүргенде,
Алқамыз сөзін бергенде,
Табысып едік дуаннан.
Ақсорпа болып алшы аттай
Тайпалып келіп тамсантпай,
Буына кеткен саусақтай,
Сүйріктей сөздің саласын
Салалап тұрып самсатпай,
Айтылмай қалған кеудемде
Менде бар еді бір арман,
Сенде бар еді бір арман.
Меселімізді қайтармай,
Айтатын кезде айта алмай,
Өрмектің құры секілді
Сезімдеріміз шайқалды-ай…
Кеулеген арман кеудемді,
Тұла бойымның тұрғынын
Толғайын десем енді-енді,
Сенде де бар ғой бір арман,
Менде де бар ғой бір арман.
Жанығып кетіп бір-бірін
Жандырып жібереді де,
Қанамыз-дағы құмардан,
Қаламыз бірақ айта алмай.
* * *
Кірпік қаға алмай кейбір түндерде,
Тулап жатамын төсек – «түрмемде».
Жастық, көрпемді жаспен шылаймын,
Мұңға булығып, мас боп жылаймын.
Озған күндерім алыс маздайды,
Қолым жетпейді, жүрек сыздайды.
Бұл бір ауыр түн әлі-ақ серпілер,
Аздап адамды тәубаға келтірер.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ