ШҮБƏ

Абай мінген жыр пырағын абайсызда басқа ұрдым,
Тыншымадым, батты ма əлде жыр кегі?!
Таса жерде қасқыр мұң –
Талай жаздап жүр мені.
Тағдыр деген тас жазудың шешімі өте күрделі
Олай болса несіне үміт шоғын үрледім?
Қынжыламын!
Айырып көр
Танымыңнан табиғаттың түрлі өңін.
Миғұламын!
Неке қиған несібем.
Тікенек бар тілде мың…
Санамыздың бақытына ұят кеткен келмеске
Қара!
Қыздың ақ етегін көз алдыңда түргенін.
Ау, естілер кереңсің бе? Күлмегін.
Тыңдашы əне, Бай-Өлкеде барқындардың
Банқырларша үргенін.
Жарамсақтық, естімедім, білмедім.
Жаратылыстың маймылы аунап жатыр күлде кім?
Тағдыр деген тас жазудың шешімі өте күрделі
Сол жазудың тасасында ажал күтіп тұр мені.
Ақ төс үміт, алып қақпа ой қамаған түрменің
Қақшы есегін,
— Қап, не деген жынды едім?!
Құрып қалсын!
Дəруіш ой дəмеңнен…
Əулие ата жасқап жібер пəлеңнен
Айналайын, гүл жайнаған əлемнен
Тарихты мұтпасын деп əреңдеп,
Тартып тұрмын сол қақпаның тұтқасын.
 
Ақиқатты басып біреу
Құлақтап,
Жалған қылыш суырылған қынаптан
Есі ауысып ерте жеткен мұраттан –
Жұқпалы дерт пəнидегі «жұмақта».
Түпсіз құрдым тірлік соңы бір аттам
Сəуір сауық, жылы ақпан.
Ауырсынып аһ ұрады тірі оттар,
Қақ тағылым өзің шашқан шуақтан
Қан тамып тұр бірақ та…
Сұмдық ауа оттың демі, тамұқ тола жын екен,
(Тамұқ бары шын екен)
Дір-дір етем, дір етем.
Ділсіз жандар түлкі қуып жүр екен…
Бұрынғы өткен адамдар
О, ғажайып, тірі екен!
Бірін-бірі жəбірлеп отқа қақтап жүр екен.
Төр алдында (бағын, ə)
Топас ұғылы Тағы бар.
Масайрайды ол, не десін?
Махамбеттің жебесін
Боққа шаншып тұр екен…
1991 жыл
 
 
 

СҰРАҒАН РАХМЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *