Қасірет пен бетпе-бет кеп
Соғысып,
От шайнайды, опық жейді ол
Жоқ ішіп.
Қара күндер,
Қара діндер
Мас сəттер,
Қарақұрақ қарманады боқ үшін.
Кеңірдекте тірелген кеп
Түйткілдер,
Жүректерде құлдырау бар, миыңда
өрт.
Өңшең тірі өліктермен біргесің
Жаның жалын,
Заманың қас
Күйің дерт…
Бұдан əрі бұрқай соғып
Не дерім?
Жабырқау күз, жуды жаздың бедерін.
«Тілің қайда, қарағым-ау?» деп едім
«Жұмыршақта ұйықтап жатыр»-
Деді Ерін…
06.10.2005
* * *
Билеп жүрген жеңгедейін
Бір іс қыл,
Сан сазды əуен ойнап кетсін күміс тіл.
Басыңа кеп қалтаңызға үңілсін
Басқа ортада діл қайраған жымысқы ұл.
Торда отырып тотыға ұқса, былдырлап,
Мақтан тұтып майса оянсын
Түн жырғап.
Кірпіктегі кіреуке бұлт – мың жұмбақ
Ашылсын да,
Алау болсын құрдым жақ.
Бір пенденің жастығы боп
Не етеді?
Өз үнің мен өршіл болсаң жетеді.
Мас ауадан айқайлайды
Бір шындық:
«Аямасаң алтын сасып кетеді?!…»
Кімдер сізге бата берсін, басынсын,
Көмейіне құм тығылған
Пəс үнсің.
Сірі жаныңмен тұрғаныңды
Түсінем,
Тырнағымен қан ұстаған лашын сұм.
* * *
Күн батыс жақ қызыл қан,
Қызыл бас тау, қызыл қыр сұлап жатыр
Ұзыннан.
Қара ала бұлт жалбырап, сақал-шашы жұлынған
Айыр өркеш құздар тұр,
Арасында Ай мыжылған.
Сурет көрдім қырға кеп:
Көздің жасы секілді гауһар аққан сырға бет.
Күміс тамшы үн қосқан
Іңірдегі нұрға кеп,
(Өткен жолы аққуулар əуенімен тырнап еді…)
Жусандардың иісін сүйрелеген жылға леп,
Өңешіңе Өлеңнің өртін құйды
«Жырла» деп.
«Айыр өркеш құзар тұр, арасында Ай
Мыжылған»
Мен ойлаймын, Сол уақыт
«Қол шығарып тұр ма?» деп…
Аққулардың қанаты қып-қызыл өрт,
Қызыл қан.
Ашулы аспан «үһ» дейді.
Жиегінен сызылған
«Қаратаудың басынан көш келеді, ботасыз…»
Құлағымда бір үн тұр
Кешегі өткен ызыңнан.
* * *
Күндермен шыққан таласып,
Буланған таулар
Таң асып.
Əлемнің үнін шертеді ол
Гүлдерін шашып,
Бал ашып.
Езуі көбік… Жағашық.
Уақыт сынды тағы асық.
«Сəт жетті» дейді « ақырғы»
Аспанда қалған Тағашық.
Есік пен төрді
Желімдеп,
Қазанға ошақ жанасқан.
Бесік пен төрді телім деп,
Тынады тылсым ана –
Аспан.
Естілмей солай еш дүбір,
Естелік өлді ескі бір,
Сіңіріп жатқан күндізді
Қараңғы неткен…
Кешкі іңір.
* * *
Жалғызсыраудан шығар жол
Қалай?
Сандалып уақыт… Сенделіп,
Бошалап қайтты
Толғақ Ай.
Бітпеді солай бұнымен,
Қызыл ит үрді
Қызғаныш…
Абалап шықты түнімен,
Аңызғақ тырнап,
Мұздады іш.
Іргеңде жатқан мүрдедей
Ырылдап тұрған бірдеме.
СҰРАҒАН РАХМЕТ