СҰРАҒАН РАХМЕТ өлеңдері

Бір түп шидің түбіне,
Паналаған көжектей.
Жыртық күйдің түбіне
Күртік үйдім,
Сөз өтпей.
Сыбызғының үңгісін
Жаспен дымдап ақырын.
Күйін шегіп жындының
Күйіп отыр пақырың.
Көрбілте боп көрге енбей,
Ұшып кеткім келеді.
Зираттарды көргенде,
Ішіп кеткім келеді.
* * *
Сақшысындай қатыгез
Түрменің кең,
Баһадүрлік сеземін
Күндерімнен.
Атей дəуірін əдейі ат баурына ап,
Ата тірлік,
Ақ ниет «інге» кірген.
Мұра!
Мұра!
Мұқтаждық үйін тігіп
Мүсілім жұрт
Мір құшып,
Мұң кемірген.
Түріме күлме!
Сойылған мүрдемін мен,
Байлауым тар,
 
бақилық күрмеуім де.
Бойым мыртық,
Енім тар,
Бетім тыртық,
Менің жыртық ойымнан
Күн көрінген…
Жүрегім – мұз,
Жүзім – сыз.
Тірі денем…
Бірі өткелек, жолымның
бірі кеден.
Пəни мəнін мəңгілік ұымтқам жоқ,
Зариналық əңгүдік рухтан боп.
Түнекке кеп тірелгем түңіле бер,
Ассирия көгінен жұлдыз ағып.
Азияда шіріген жүз мың алып,
Ен дүние қауыз боп елеуіште.
Египеттер жартасты сүзді барып,
Тіресіп сұм жауыздар өлген көлде.
Гүл өсіп тұр құдірет мұзды жарып,
Мына заман мамығы ақ қарғаны.
Адам сыңар
Жер обыр,
Аспан залым.
Тұран-абам жөтеліп ұйқылы ояу.
Жылан-анам көтерген Сақтар жанын.
Кешір, кешір, кең əлем, кесір əлем
Есіл болған елімнің аққан қаны.
Есігі ашық О, тоба, ұжымақтың
Есі кеткен Эллиндер құжынап тұр.
Тесік өкпе тексіздер
Тек Тамұқта. Ал, мен болсам…
Азырақ қызып аппын.
Кекшіл Хүннү көгінде
ҚЫЗЫЛ АҚҚУ.
 
Шаңқай түс исін шашады,
Бұтақтар күнге тырмысып.
Өседі кесек тамырлар
Өлкесіз жұрттың іргесін қысып.
Өзексіз өлексе өртпен ойнайды,
Өзінен биікпен бірлесу үшін…
Сеңгірлер селкемденеді,
Аспанның бұлт торлап мөлтең бедерін.
Жас талдың кəрі бетінде
Кəнігі жел тербеледі.
Көк есек тірліктің күймесін сүйретіп,
Келешек Ертеңді емеді.
Шаңқай түс алаудай төнеді,
Сарғайып күні өтіп пүліш Түз.
Марғаулық көгінде маталған
ҒҰН – ҮШ ЖҮЗ.
Құлқыны құм-батпан
Қайтқан жел қадірін шайқаған,
Бұтақсыз емендер тынымсыз.
Шаңқай түс ауып барады,
Қапырық жамылып жұрт ұдай.
Сабылып тарады жел үрген шырпыдай,
Тегімнің теңбіл бел аты əзір…
ЕРКІНДІК — ШІДЕРЛІ ЖЫЛҚЫДАЙ.
14.11.1994
 
Жаратқаным қолдасын
Жүрегіммен көтермейін қорғасын.
Мен ер жеткен мынау лайсаң өмірде
Біреулердің бақытына біреулер кеп
Қонбасын.
Сапарласым, жолдасым,
Біздің үйге жақсы
Шаттық орнасын.
Пəниліктің нұр-көпірі,
Жүрегімнің жыр-кепілі,
Олжасың.
Осы Олжасқа еш жамандық болмасын,
Жаппар ием қорғасын.
Жалғыздардың жары құдай, лəйім,
Ғұмыр бер деп бұршақ салып жылайын.
Мен өтпеген теңіздерден,
Мен жетпеген жолдармен,
Осы ұлымды жүргізе гөр, құдайым!
Періштем кеп аян берген,
Пешенеме бұйырған.
Менің ұлым ұласады,
Қыр асады қиырға əм.
Əкесінің əз іздерін ажыратып,
Сансыз сұлба шиырдан.
Ертең менің екінші өмірім басталар,
Қайта айналып жиырмам.
Өлмейтінім – туымды ұстар балам бар,
Ұлы өмір жеңбей тұрып бірін-бірі
жаралған АДАМДАР екендігін түсінеді
Ол, қараңдар.
Жеңіс болса жеңілістің өлімі деп
 
Бағамдар,
Маубас ұлың екеніне күманданба, адал
жар.
Мен ақынмын, ақын болар тағы ұлым,
Оны бейжай қалдырмайды елден жұққан,
Жерден жұққан ТАҒЫЛЫМ.
Мен жаныма үйретемін
Тектің ТЕМІРҚАЗЫҒЫН.
Бабаларым жүрген жолдың күллі рух-
Хақ үнін…
Менсіз ұлым, ұлым сенсіз, сен бізсіз
Тұрмайтының тағлым
Екеуімізді жарастырған, айналайын, ақ ұлым.
Пейілі арам, мейірі қараң «бақтасым»
Мейілі даттап, мақтасын.
Етім жердің қойнауына сіңгенше
ПƏК БАСЫМ,
Жетім жастық жастанғаннан сақтасын!
* * *
Мен жанартаумын,
Екінші рет жанбаған,
От исіне жерік, лайым оған қанбаған.
Қысқармайтын уақыттың
Күрмеуінде күн соғып,
Күңірену, тебірену керектігін санға алам.
Емексумен еліктеумен ең бір күңгірт
ШАМ ЖАҒАМ,
Күңгірт күймен күн шұбырту заң маған.
Қысқармайтын уақыттың
Шамасынан шаң қабу
Һəм аздап таңдану үшін
Жан бағам.
 
Күн кемсіткен күңсе ойларды жалмаған,
Хал айдарлы харекеттің салмағы.
Ауыр екен балғадан…
Сырын айтар құбыладан ескен самал
ақыры.
Бұрыңқырап кетпес пе екен Алладан…
Қарашаның ертіндісі кеудесіне тамбаған,
Талашаның дəл түбіне келіп түсер Əн
БАҒАМ.
Келер күздің қызығы үшін маңдайымның
сызығы
Сын, əрине,
Саған айтар сəлемімді құстарға айтам
самғаған.
 
 
 

СҰРАҒАН РАХМЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *