СҰРАҒАН РАХМЕТ ӨЛЕҢДЕРІ

Сөкпе бізді аялы шық сөкпе дөң
Тамшы жаспен тамыр жайып көктемен.
Таянышым шаршы аспан шалғайлы
Ая мені, ая мені, өкпелі өң.
Ай етегін алау жейді лапылдап,
Бір жаңалық бар-ау деймін жақында.
Еш жылусыз ошағында орданың
От күледі сақылдап.
Жер шеңбері буынады ақылдан,
Жұқа көкке шашқан жұлдыз дақыл дəн.
О, қызыл қалам кеңістік,
Кеплердің рухымен шақырған.
Гомер деген баһадүрдің төбесінде төнер күн,
Көнермеген мақамымның көбесін де сөгермін.
Итсигекті паналауы қызық, ə?
Иллиаданы ермек еткен жөлердің.
Көкіректің көпшігі емес, көз суарар жыр мəні,
Көлбегенім көңдей жайлы Абылайдың сырмағы
Адасудың əліппесі шық тəріздес қып-қысқа
Жан-ашудың əріптесі Шыңғысханның жұрнағы.
Ай етегін алау жейді лапылдап
Бір жаңалық бар-ау деймін жақында
Еш жылусыз ошағында орданың
От күледі сақылдап.
24.12.1992
 
Əділдіктен, үміттен
Əсіре жеп əдетте.
Сырты қара жігіттің
Ішкі өңінен «дəметпе».
Көкірегі мəкүрік
Көл орнатқан нəлетпен.
Көк аттының көлденең,
Көзі түсіп, зəрі өткен!
Ұлы дүбір дүние
Ұясындай араның…
Ала қарға бүйілер
Ақы иесі даланың.
Нəн шеңгелді нəнкүрлер
Тəнін сорып қараның.
Тұзбен піскен тұқымы
Қасиетті бабаның.
Тəңіріні тəркілеп,
Тəпсірі ілмек тəбетпен.
Жаннат іздеп əлемнен,
Сəлем емес бəле екен.
Бəсіремен бəс ойнап,
Бəдəуидің басын ап.
Əз тірлігі міскіннің,
Əмсе өткен əлекпен.
Үлпершегі үлбірек
Үзілердей үдеуден.
(Кереңменен керіскен)
Не көрмеген бұ кеуде?!
Майда сөзбен ағылған
Малта тасы үгілген.
Мал тұмсығын сағынған
Марғау дала жүдеу ме?
Арға аунаған қаланың
Түгі жылтыр момақан.
Момақан ел болғасын,
Мол-мол ақыл боратам.
Түн көрмеген қаймана
Үлгермеген жерге кеп.
Бүтінменен, жартыны
Бүрлі оймен «оратам…»
Таң бұрымын тарқатса,
Тамсануға шағыр-ау.
Таңдануды тəйтікке
Қамсау қылған тəңір-ау?!
Жай десеңіз,
Жай түсер –
Жайма десең тағы дау…
Жаза бассаң құрт өлер
(аза соңғы аңырау…)
…ай көсемнің жолында
Май кесеміз ертең біз
«Мал құлағы саңырау!»
 
 
 
 
 
СҰРАҒАН РАХМЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *