Көлеңкеңнен қорқасың құр бекерге,
Адам деген бірде адам, бірде пенде.
Бірде тұрып жүрмей ме, бір сүрініп,
Бір қатерден кездесіп бір қатерге.
Бірде өкініп жүрмей ме, бірде опынып,
(Кемшілігі болмай ма бірді-екілі?..)
Шындық шіркін жақсы ғой, амалсыздан
Айтып қалсаң қайтесің бірде өтірік.
Ол да адамдық белгісі, осы жері
Қорқақтықтан осалдық көш ілгері.
Қорыққан адам, о, шіркін, өлмесе ғой,
Мүмкін мәңгі өлмес пе ек?!
(Кешір мені).
Кешіре гөр, келеңсіз сұрағыма,
Қорыққаннан мүйізі шығады ма?
Кім ертерек түсерін кім біледі,
Қылп-қылп еткен ажалдың құралына.
– Мынауың сор болды, – деп, – мынауың сор,
Сүйретіліп жүресің, шылауың сол,
Қорқасың-ай, қорқасың, қорқасың кеп,
– Сонда неден қорқасың – сұрауым сол.
Қорықпайсың әлемдік апаттан сен,
Аман-саусың албаты шатақтан сен.
Бұл қалпыңмен ұрмайсың жауыңды да,
Қол-аяғын алдыңа матап берсем.
Өз-өзіңнен қорқасың, өз-өзіңнен,
Өзіңе лайық емессің, сеземін мен.
Көлеңкеңнен қорыққанмен құр бекерге,
Дәм біткен күн кетесің кезегіңмен.
– Қорықпа деймін! Қонбайды саған ақыл,
Қорқа-қорқа болмайсың және батыр.
Қорқасың кеп, қорқасың…
Сонда неден?
Тірі жүріп көргенің заманақыр.
* * *
Өзімнен өзім қараптан қарап жатқан ем,
Біреу кеп мені бауыздап кетті мақтамен.
Күнәдан таза періштемін деп айтпаймын,
Бұл жолы бірақ күпіршіліктен аппақ ем.
Тапа-тал түсте ажалым жетпей мен өлдім,
Нахақтан өлдім, тұяғым серіппей тек өлдім.
Япырау, бірақ ар
аша неге түспейсің?
«Аққа – жақ» деген ақ сөзін ойлап мен елдің,
Бозарып көзім, сазарып жүзім жаттым да,
Әділет жоқ па, әділет жоқ па?.. Жоқ мұнда…
Атаңа нәлет!
Қап, бәлем, онда, – дедім де,
Білмеймін, қайдан?..
Керемет қайран таптым да.
Орнымнан ұшып, оқтаудай болып тұрдым да,
Қан толып көзім түстім де кеттім ырғынға.
Мақтамен емес, қолменен баудай түсіріп,
Білмеймін, бірақ тепкіледім бе, ұрдым ба?..
Барша да борша, арса да арса, арса боп,
Осылай өстіп «төбелес» көрдім қанша көп.
Өлесі болып, соңынан өксіп жыладым,
Енді ме енді, енді бір «ақыл» қонса деп.
Жыланның жатқан сонда да біреу құйрығын
Құйтырқы басып көрмек болады қимылын.
…Дәл мендей біреу табады ойлап түбінде,
Адамға адам тиіспес амал «ғылымын».
1988 ж., 22 қараша
* * *
Өмір, сенің айқұш-ұйқыш өлшемің,
Өлшеміңе риза емеспін мен сенің.
Өмір, сенің шимай-шимай есебің,
Есебіңнен қайтты талай меселім.
Өмір, сенің айғыз-айғыз көйлегің,
Өйткені онда кейде рахат, кейде мұң.
Өмір, сенің ойқы-шойқы мінезің,
Мінезіңе түсінесің бір өзің.
Мен сан рет кергілестім Сенімен,
Сен сабадың…Пергілестім Сенімен.
Сен сабадың,
Сен жеңесің соңынан,
Әйелімдей өлдім-өштім Сені мен.
1988 ж., 21 қараша
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ