Құс жолы – түнгі дөдеге,
Тал түсте құстар легі.
Қаптады жасыл төбеге,
Қызғалдақ гүлдің түмені.
Күркіреп бұлтша күй төккен,
Қарадық көкке тіпті өңге.
Ақ бұйра түтін сүйреткен,
Метали инеліктерге.
Тастамақ түйін сан бақтар,
Төгеді гүлін әдемі.
Ерінге біткен шәрбаттар,
Ериін деген шақ еді.
Жинауды қойдық гербарий,
Тұмадан термей тастар да.
Байқап қап қыпша бел барын,
Кәдімгі шүйкебастарда.
«Кетші» деп айтар ұл едім,
Шаруасы болса бұл менде.
Қыздарға мұздай жүрегім,
Енді-енді жібіп жүргенде.
«Жоспарды» айтып досқа ашық,
Жүргенде өжет жансынып,
Ньютон да бізбен қоштасып,
Вином да қалды таусылып.
Жарлықты соқпай күніге,
Көрсеткен жоқпын күшті де.
Кедымды сыйлап ініме,
Бутсымды бердім үстіне.
Бұрылды өрге ат басы,
Қызығы доптың шамалы.
Қаңырап темір қақпасы,
Қалды артта футбол алаңы.
Көргем жоқ шаршап, әлсіреп,
Қақпаға доптар жауған күн.
Қорғадым жан сап қанша рет,
Намысын біздің ауданның?!
Гол соққан күні дос күліп,
Шығарып алып шеткері,
Мақтайтын еді бөстіріп:
«Раймонд Копа», – деп күліп.
Атымды өстіп жайғанда,
Қайтушы ем үйге құтырып,
Жуынып мөлдір қайнарға,
Ет болса қидай сыпырып.
Медаль жоқ, әкем естіген,
Ұрыспас білем мұны мен.
Аттестат болса «бес» түгел,
Бір «төрт» бар неміс тілінен.
Қимадым уақыт бір апта,
Алатын едім «күміс» те.
Өкпем жоқ менің бірақ та,
Рейнгард Юлисовичке.
Ерліктер алда мен жетер,
Шыңдарға сонау көз қадап,
Ұлы ақын болсам, немістер,
Аударып алар өздері-ақ.
Жұматай Жақыпбаев