Ұйқым қашып, ұйпалап едім жастықты,
Зауқайыр зауқы ұйтқыған көңіл бастықты.
…Ақ боран соқса, ащы ұлып алып аш қасқыр,
Қанталап көзі ойлайтын еді қастықты.
Қанталап көзі қораға қарай ілбіп кеп,
Тоқты-торымды арқасына алып бір бүктеп,
Аласұрғанда, арланнан ада ауылдың
Шау қаншықтарын кететін еді бірге үптеп.
Қақпанын құрса, саққорда қыстау шалдары
Аш қасқырды алар, жалғыз-ақ айла сол дағы…
Бастықты көңілім… Басылып әлде қалады,
Зауқы ауған затын бас салып әлде алады,
Зәредей жанға болмайды бірақ залалы,
Болмайды бірақ зауалы..
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ