Аспаннан Ай құлақ сап күміс үнге,
Сай, бұлақ сөйлегенде түн ішінде
Той тарқап, Сарноқайдан ойға қайтқам,
Бәйгеден басқа істерде жұмысым не?!
Той болса біз есетін, бөсетін де,
Әндетіп, көз ілмеп ем кеше түнде.
Бекбаудан былай шыға көз кілгірді,
Көрпе жоқ айдалада төсетуге.
Заңғардың құйма тұяқ күлігімен,
Түн ауа Үшбұлаққа ілігіп ем.
Жігітті ат үстінен ұйқы алатын,
Маусымның маубас қылар түні білем.
Күйетін талтүс емес бетім күннен,
Қорықпай «убәй» даусы секілді үннен.
Батырша барымташы ер жастанып,
Түнеуге құла түзге бекіндім мен.
(Өлсем де ұмытпаспын оны, сірә).
Жиренді Үшбұлақтың сонысына
Бұдыр жоқ, шылбырына айыл жалғап,
Арқандап жата кеткем қонышыма.
Алғандай кеттім ұйықтап рұқсатын,
Не дейсіз, осылайша тынықса ақын?!
Қара көп қалбаңдаған тау ішінде,
Секем ап, бір нәрседен үріксе атым…
«Ләйлә» деп, жырға қосып тотымды әсем,
Қайта үрлеп жүрегімнің отын бәсең,
Онда мен Алматыда жүрмес едім,
Онда мен альманахта отырмас ем.
Қайранмын жүйрік деген құдіретке,
Айтуым керек еді мұны көпке.
Тартынбай, от та қумай ұзақ түнде,
Ол мені оятқан жоқ бір рет те.
Жеткенде көк сеңгірден хабаршы аппақ,
Жаныма келгендей ол адамша аттап,
Қарады адамша ұзақ бет-жүзіме,
«Бұл түннен қалдым ба, деп, аман сақтап?!»
Бір мектеп жақсылықты үйрену кей,
Жан салып үйренудей күйді ерінбей.
…Жігіттер, жолдастарың адал болсын,
Баяғы Жұматайдың жиреніндей
Жұматай Жақыпбаев