Бүгінгі əуенді құбылтуға шын,
Самалды кеште қас қақты.
Көкжиек көктің қызыл тұлғасын
Көкбілте бұлттар жасқап тұр.
Қасіреттермен бататын бірге
Қара ала тылсым нұр – ғаріп.
Жұлдыз сілемі жатады үңгірде
Тұма бетінде ырғалып.
* * *
Бір гүлінен бір гүлі
Мөлдіреген жаңаша.
Бұлағының сылдыры
Бұла əуеннен тамаша.
Гауһар тұнған шөп іші
Анам тіккен алаша.
Жұлдыздардың көбісі
Маңдайымнан аласа.
Есінейді биік қыр
Аунап алып жас құмға
Имек шыңдар иіп тұр
Иегімнің астында.
30.12.2004
Ескі өңірдің не түрлі
Жаңа шапан кигені.
Құрғақ ерін секілді
Құба желдің сүйгені.
Күрсінумен бірге кеп,
Көлдің жайлы дым, шығы.
Күй шертеді бір бөлек
Сағыныштың шымшығы.
Үйрек ұшты барқылдап,
Жардың шетін белдеулеп.
Бұлт үдерді жарқылдап,
Екі етегін жел кеулеп.
09.12. 2004
Қыз қолымен жазылған хат,
Періштенің сөзіндей,
Тереземнің ар жағынан
Көрінетін көзің бе, ей?
Көйлегіңнің тек сыртынан сипалаған
Секілді
Бəрі əдемі…
Бірақ, нəрсіз сезімдей.
Бар денемде сұрқай үрей, суға тамған
Сиядай,
Сенің жүзің жауын шалған жылуы жоқ
Ұядай.
Ағып түскен ғайыпи бір
Үмітім,
Себелеп тұр
Себелеп тұр…
Күні-түн!
08.11.1999
* * *
Шарап ішкем, дəмі қалай?
Ұмыттым,
Ерінің де есімде емес,
Қылықтым.
Өлеңіңді естімегем, бəрі аулақ,
Қалғаны тек қасаң қайғы,
Сынық мұң.
Тұманды таң бүгінгі емес
Сəрі де,
Манаураған сағым ойнап
Əбігер.
Ұмыт қалған, беу, сұлулық
Ақ жаңбырдың иісі,
Мүмкін, мені мазалаған келер қыстың
Зəрі де.
Ғұмырымда маған ерген, баба рухы
емес пе?
Кездеспеген кесапат үн елестетем
Сені еске.
Қайран түсім! (Қайда адастың?)
Жаңа ғана жайнап тұрған
Емес пе ең…
Ақ жауынның аяулы үні кейін қалды
Күз жетті,
Ақындықтың парағында құстар қайтты
Тізбекті.
Құстар қайтты, əн-майдан
Бүгін тəмам. Тұман түсті маңдайға
Ертең мүмкін жарылады
Жүрегім!
Мың сəттердің игілікті легі
Ұмыт қалды
Шалғайда.
27.09.1999
* * *
Келешегім көмескі,
Кешегі ісім жаңалау.
Өңмеңдейді өңеш күн,
Өрт сүйрейді сан алау.
Миым тола сұрақтар
Көрсетпеді бір тыным.
Басса дағы ысырап қар,
Майыспады кірпігім.
Айтақ рух кеулесін,
Серелей бер керім қар.
Тірілерге һəм кеудесін,
Ашпайтұғын жерім бар.
Тамылжиды мамық қыр,
Сор кеткендей жетімнен.
Самала нұр тамып тұр,
Анам сүйген бетімнен.
* * *
Қарала Ай туғанда армандай
Боп,
Қарашығың қадалсын
Тəңір көкке.
Гүл дестесін айырып жарғандай
Оқ,
Əлсіздердің барлығын жəбірлетпе,
Құдай!
Жалғыз көзді қараңғы қылаңданса
Білегіңді жастанып,
Құла мұңға,
Шолпан жұлдыз маңдайда
Сыланғанша.
Бағына тұр іштегі ұлы
Ағынға
Дұғай!
24.09.2004
СҰРАҒАН РАХМЕТ