АЛБАСТЫЛАР

Талай көріп, танымай жүр жұрт әлі,
«Албасты жоқ!» деген жандар қыртады.
Түгі азайған, түрі бізден аумайды, –
Көбеймесе, азайған жоқ ұрпағы.
Адамдардан аумайды ғой еш жері,
Тамақ жеуі, киім киіп, шешкені.
Сондықтан да алданады ел адам деп,
Албастының атасындай кещені.
Қолымызға ол да бізше су құйды,
Ол да бізше думандатты шулы үйді.
Сондықтан да алданамыз адам деп,
Албастының ағасындай сумиды.
Аумайды ғой біздікінен қолы, үні,
Бас сирағы, тізесі мен тобығы.
Сондықтан да алданады ел адам деп,
Албастының апасындай долыны.
Мен адамдар арасында өстім де,
Еш қиянат жасамадым өскінге.
Албасты да адам болар еді ғой,
Жаманшылық жасамаса ешкімге.
Көсемситін көпті көрген кәрідей,
Жақсы адамдай әрі жұмсақ, әрі дөй.
Жала жауып жазығы жоқ басыма,
Жазыпты ай кеп хат танитын әруей.
Албастылар адамдардан жігерлі,
Біріксе олар қоймайды екен бір ерді.
Анау жылы үш албасты қосылып,
Жұмысымнан шығарды да жіберді.
Көріп жүрмін, біліп жүрмін үнемі,
Түктілердің түк бітірмес түлегі.
Албастыны танымайтын адамды,
«Албастым» деп айналсоқтап жүреді.
Біліп алды бірлікті һәм тірлікті.
Бұл өмірде кімдер ноян, кім мықты, –
Әдісім деп алдау менен арбауды,
Ақылым деп қулық пенен сұмдықты.
Қулығына ақыл ғой деп құлаған,
Сол қулықпен біраз жерге ұнаған.
Тауға, тасқа басын соғып жүр дейді,
Бір албасты боламын деп ұлы адам.
Тегін болмай, сатылса бір оттегі,
Бір жұтымын қоймас еді көктегі.
Қай замандар сіңіп олар қоғамға,
Мидай сіңіп, араласып кеткелі?!
Бір көргеннен көп қойғанмен көпшікті,
Менің бүгін бет жүзімнен от шықты:
Бір демалыс орынының бастығы,
Албастының албастысы боп шықты.
Демалатын сары үй тұрған төбеге,
Адам байғұс айтысам деп келе ме?
Көрмей, білмей бәле жаққан пәлекет,
Екі аяқты албасты емей немене?!
Біз білгенді олардың да бәрі ұқты,
Көп нәрсеге қанықты һәм дәнікті.
Албастының айырмасы адамнан –
Тек таяқ деп біледі екен әліпті.
Олардың да жұтатыны оттегі,
Іше алатын албасты да көп, тегі.
Судай сіңіп, балдай батып ауамен,
Олар қайда араласып кеткелі?!
Сіз де біздей жаңалыққа құмарсыз,
Көрсететін жыпылықсыз, мұнарсыз –
Теледидар үйіңізде бар болса,
Анау күні сіз де көрген шығарсыз.
Кеше экран соны хабар беріпті,
Бір суретші албастыны көріпті.
Суретін де салып берді айнытпай,
Үсті жүн-жүн …маймылдан да көрікті.
Жақ-жақ болып бөлініп жүр жұрт әлі,
«Бізде албасты жоқ!» дегендер қыртады.
Түгі азайған, түрі бізден аумайды,
Көбеймесе, азайған жоқ ұрпағы
 
Жұматай Жақыпбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *