ӘБІҚАЙ АҚЫННЫҢ МЕШІН ЖЫЛҒЫ МОНОЛОГЫ

Елуде көрдік жылды Мешін деген,
Жұмбағы алда жатыр шешілмеген.
Ер жігіт, таланыңа бұл бір заман
Талғамай табылғанды жесін деген.
(Әбіқай Нұртазаұлы)
Қиямет деген осы ма,
Қарғыс деген осы ма?
Ел еңіреп босыған,
Ер елінен шошыған,
 
Қай заман бұл, қай заман?
Нар түйеде жая жоқ,
Ну орманда сая жоқ,
Намыс бар да, нану жоқ,
Нақыл бар да, ақыл жоқ,
Найза бар да, батыр жоқ,
Нарқы бар да, парқы жоқ,
Надан елдің салты деп,
Налиды да жылайды.
Құдай мұны қарғаса,
Бұл құдайға құлайды.
Жар астында жау деген,
Жол үстінде апат бар.
Нәлет тағдыр, әуреле,
Аямасаң, тапап қал!
Әбіқайды аяма,
Өлсем сүйек көмілер,
Бақыт мені табалап,
Қайғы маған егілер.
Қабырғаммен қайысып,
Мен ел қамын ойлаймын.
Дем біткенше таусылып,
Һәм денемнен жан шығып,
Домбырамның дауысын
Долы үніме қайраймын!
1965 ж.
* * *
Адал әйел – ақ періште…Барлық еркек арманда,
Кездесетін пәк пейіште, о дүниеге барғанда.
Армандайды бірақ бекер арман емес дүниені,
Махаббатқа бас тікпейтін әйел бар ма жалғанда?
 
Махаббатқа басын тіксе, барлық әйел періште,
Махаббатқа жасын төксе – адалдығы, теріс пе?!
Бас тіккен жан, жас төккен жан әміріне жүректің,
Ол жүрегін сала алмайды одан кейін бөліске.
Бір-ақ Өмір, бір-ақ Тағдыр, бір-ақ Уақыт, бір-ақ Дәм,
Болашағы болжаусыз ғой, болжамына сұрақ тән.
Қаталдығын суырады қатігез бір қынаптан,
Адал әйел айрылады пейіштен де, жұмақтан.
Кім кінәлі, кім кінәлі, кім күнәһар, кім, кім, кім?
Адам, сенің өзіңде ғой күллі еркің, күллі ырқың.
Бір жасыннан бір жазымды тастай салар тосыннан,
Бір басыңнан айналатын тағдыр деген бір бұлтың…
* * *
Ажалдан қорқып, өмірден қорғалақтама,
Қорғалақтама, бекерге қалбалақтама!
Қорыққаныңмен қоймайды тура келсе Ажал,
Қарамайды Ажал ешқашан сорға, баққа да!
Қарамайды Ажал жалғызға, жалқыларыңа,
Қармағаныңа қарама
й, қамтығаныңа,
Бәрін де Ажал тып-типыл теңестіреді,
Шашылып кеше, шайқалып, шалқығаныңа!
Байлыққа, баққа, беделге сөзге ермейді Ажал,
Қапыда кілең қайырылып кез келмейді Ажал…
 
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *