ҚЫРЫҚ БІРІНШІ ЖЫЛҒЫ КЕЛІНШЕК НЕМЕСЕ ЖАЗУШЫ ШЕРХАН МҰРТАЗАЕВҚА СЫР

Сол келіншек сенің жеңгең, менің шешем еді ғой,
Сенің барың, менің барым көңіліне сеп еді ғой.
Сен аяушы ең, мен аяушы ем, ол аяйтын біздерді,
Бұл сезімді кеудемізден өмір көсеп еді ғой.
Бұл сезімді кеудемізден өмір көсеп, жылындық,
Аяулы өмір аяй білсе, тәтті екенін ұғындық.
Енді, міне, өтті бәрі, әттең, ғұмыр өтеді-ау,
Ал, әйтпесе, қайғы да жоқ, бақыт та жоқ ғұмырлық.
Енді, міне, өтті бәрі…Үшеуміз де жетілдік.
Сенен, менен, одан-дағы кетті, әрине, жетімдік.
Екі еркекпіз, бір әйелміз – үш ұрпақпыз және де
Аяп өскен бірін-бірі кешсек-тағы не тірлік.
Ол, әрине, шашы қудай, бетіне әжім түсті ерте,
Сенің-дағы балалығың бір жалт еткен түспен тең.
Мен кеңшілік күндерде өстім, еркіндігім құспен тең,
Әке көрмей, көке көрмей алғаныммен іштен дем.
Сен алдыңда жеңгеңді аяп, артыңдағы ініні,
Ал ол болса біздерді аяп жібіді де, иіді.
 
Өзіңді аяп тұрғандарды аяу екен, қиыны,
Үштік одақ едік біздер – аяулы өмір түйіні.
Қаяу көрген, аяй білген үштік одақ біз едік,
Қайырым үшін, мейірім үшін саппен санат түзедік.
Енді, міне, өтті бәрі…Ғұмыр шіркін өтеді-ау,
Қаяу көңіл, аяулы өмір біткенінде мұзы еріп.
Бәлкім біздер көп қиындық көріп өскен соңғымыз,
Өткенді ойлап келеді, рас, соңғысы да болғымыз.
Адамзатты мәңгі десек, табиғатқа теңесек,
Не болады еріп кетсе мәңгі мұхит – мәңгі мұз?
…Бір келіншек, бір бозбала, бір ерқара – ер бала,
Бірі – кемпір, бірі – азамат, енді бірі болды аға!
Енді, міне, бәрі бүтін, ғұмыр да әзір тұр жетіп,
Өтіпті өмір…
Кетік көңіл…
Бататыны сол ғана.
* * *
Қырық жаста келіншек, қырық жаста.
Қырық жаста әйелде ғұмыр басқа.
Қырау, қылау, бозқырау шалығына
Бұл жаста әйел үсімес, ұрынбас та…
Бұл жаста әйел болғанмен қанша нәзік,
Үйренеді сәл тоңып, сәл тоңазып.
Қол байлаған тірліктен мойны босап,
Азаяды зіл батпан арқада жүк.
 
Қыз бойжетіп, ұлы да тұр ержетіп,
Төрт құбыла қалғандай түгел бекіп.
Әкесі енді дүниені дүрмек етіп,
Баяғыдай жүрмейді түнделетіп…
Жүрек емдеп немесе бүйрек емдеп,
Үйден ұзап шықпайды күйбелеңдеп.
Ал бұл болса дені сау, бойы сергек,
Мезі етеді бір сарын үйдегі ермек.
Той-думанға, қонаққа бара қалса,
Жүзінен нұр тарқамай, тарағанша,
Би билейді дөңгелеп, ән айтады
Шаршағанша, әуені жарағанша…
Бұл жаста әйел ынжық та ұяң емес,
Бұл жаста әйел шындық қой, қиял емес,
Бойжеткендей ішінен бір булықса,
Болмысы ғой…болмысы зиян емес.
Бұл жаста әйел ойнаған қолда алтындай,
Алтын құрғыр арбаусыз болмайтындай.
Қорқады өзін біреулер арбайтындай,
Қорқады өзін біреулер қорлайтындай,
Қорқады өзі. Қорқады, қорықса да,
Көзге түспей, әйтеуір, қалмайтындай…
 
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *