Туған жерім, сені ғана түсінем,
Судың емес, қайнарысың күшті әннің.
Жабайы алма, жасыл шетен ішінен,
Тамылжиды таңғы арманы құстардың.
Аршалыдан алты қанат үйлер кеп,
Бас үйткен де, шақырған ба көп елді?
Үнді үйреткен әбжыландай иреңдеп,
Ақ түтіндер көк түбіне жөнелді.
Аралайтын ағаштардың мың түрін,
Жас сұлудай көп болатын селтеңі,
Қусақ суы аспабындай күлкінің,
Бір сәбидің сықылығын шертеді.
Туған жерім, әлемдегі ел түрлі,
Таңдай қаға қарауы үшін мың сан күн,
Әспеттеуге, бейнелеуге көркіңді,
Тілімнің бар акварелін жұмсармын.
Жұматай Жақыпбаев