ТОРҒАЙ ӘУЕНДЕРІ

О, туған жер, келдім саған, сағынған соң – келгенім.
Тамып саған кіндік қаным, сенде қалған жөргегім.
Сені аңсайтын себебім де, салдарым да – сол менің.
Ал, әйтпесе, аспан асты, кең мекенім – Жер менің.
Ал, әйтпесе, жер бетінде жер жетеді пендеге,
Жер жетеді өзіңе де, жер жетеді ерге де.
 
О, туған жер, тосырқама, тосаң тарттың сен неге,
Көзім алды кіреуке боп, босаң тарттым мен неге?
Талай жерде жүрдім, бәлкім, ылдида да, өрде де.
Жүреледік төменде де, оздық, бәлкім, төрге де.
О, туған жер, сенде маған төмен де жоқ, төр де жоқ.
Құшақтасаң болды мені, қыссаң болды кеудеңе.
Сен өйткені ата-баба, әулетімнен бері қарай,
Тұқым-түбір, үрім-бұтақ, зәузатымнан бері қарай,
Бір кіндіктен туғандардың кіндік қанын сіңірдің.
Анамдайын сендім са
ған, бабамдайын сыйындым.
Кіндігімді кестің дағы, кіндігімнен байладың.
Туған жерден ажырасам, кіндігімнен қиылдым.
Қиыны сол, қиыны сол, қиыны сол қиынның.
* * *
Түбіт бөкебай
Тартқан ботам-ай,
Өзің ботадай,
Көзің боталай,
Маған қараушы ең
Мейірім нұрына
Шөлдеп, қаталай…
Түбіт бөкебай
Түсті-ау басыңнан.
Дәурен ботадай
Ұшты-ау басыңнан.
Кеттің жат жұртқа
Құшты-ау қосылған.
 
Сен де алыстап,
Мен де алыстап,
Құштар басылған.
Түбіт бөкебай
Тозды түбіті.
Тентек көңілдің
Озды үміті.
Қалды махаббат
Уыты өзекте.
Қалды…қалғанын,
Қалқам, сөз етпе

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *