СЕЗІМ

Сезімімді сергелдеңге түсірдім,
Сезінуден ұшықтым да, ұшындым.
Сезімімнен ұшық алдым, тұшындым,
Сезім, сенің құлыңмын да, құсыңмын,
Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім.
Кейде баймын, кейде саған қысырмын,
(Қысыр қалған кездерімде қысылдым).
Мәрт кезінде мерт кезі бар мысыңның,
Кейде сақсың сауысқаннан бетер сен,
Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім.
Кейде от қып, кейде күл ғып ұшырдым,
Кейде тікен, кейде гүл ғып ұсындым.
Айырмасы нәсілің мен түсіңнің
Айғағы емес нәпсің менен ісіңнің.
Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім,
Түсінгеннен өз-өзімнен қысылдым,
Қара тер боп суындым да ысындым.
* * *
Сен қайдасың, мен қайдамын бұл күнде?
(Мүмкін сенің келмес оны білгің де…)
Жүрегіңде гүлмін, яки тікенмін,
Кездессең де басы алтын бір дүлдүлге.
Жүрегіңде гүлмін, яки тікенмін,
Жүрегіңе біткем, бірге бітермін.
Шешімі жоқ сауалың боп мен сенің
Жүйкеңді әбден жұқартармын, түтермін.
Сен қайдасың, мен қайдамын, белгісіз,
Оттай дүние опасызы-ай болды сыз.
Махаббатқа естен танып, ес жисаң,
Тірілгенмен, тірі өліксіз енді сіз.
 
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *