Қайран жаз, қапы мезгіл қандай келте,
Шілдеде сүт пісірім таңдай келте.
Сызданып сарғайды өлке, жаурайды өлке,
Жайдақ жел жауар жонды баурайды ерте.
Жайдақ жел бозторғайдай шулайды ерте,
Желпілдеп қамысақ көл, қурайлы өлке.
Жайдақ жел ексінгенмен, тепсінгенмен,
Қырдағы қоңыр жиде сынбайды ерте.
Жалқын шаң, күлгін түтін көп сіңгеннен
Қаланың жапырағы қурайды ерте.
1968 ж., қыркүйек
* * *
Жер бітінде жарық сәуле бар екен ғой, бар екен,
Мен түндермен көп тілдестім, ол – қарабет, қара екен.
Жарық сәуле, саған құмар барлығы,
Мен де сенен бір жақсылық дәметемін, дәметем.
* * *
Жұқарған менің жүйкелерім-ай,
Үйкеледім-ай сендерді.
Сүйкенбес жерге сүйкегенім-ай,
Көтеріп көкке кеудемді.
Сүйемес жерге сүйеп денемді,
Сүлдерім сүйреп құтылдым.
Сайтанды сезім иектегенде
Санадан ноқта сыпырдым.
Санадан ноқта сыпырдым-дағы,
Санаттан кейде сытылдым.
Өрекпіп, өршіп құтырдым-дағы,
Өмір есептен ұтылдым.
Өмір есептен ұтылдым-дағы,
«Опасыз ол» деп опындым.
Тәттісін сезіп жұтындым-дағы,
Көбірек таттым қату-мұң.
Тәтісі неге тіл үйіреді,
Ащысы неге ашутас?
Күндерім болды тірі мен өлі,
Ара жігі, әттең, ашылмас.
Солардың жігін ашпаған сендер,
Сорлаған жүгін арқалап.
Тигенде талай тасқа меселдер,
Қайтқанда тауым шалқалап.
Жанымда жалғыз сендер болдыңдар,
Жалғыз емес, көп едіңдер.
Ішіме тынып сөнген жалындар,
Дегенмен демеп едіңдер.
Сендердің әрбір талшықтарыңды
Шашымды, жұлдым жұлғандай,
Жегідей жедім, жаншып жанымды,
Жындана жаздап, жынданбай.
Жындана жаздап, жынданбай қалдым,
Мұң-нала қоздап жүректен
Жүрегім қызыл тудай, байрағым
Лүп ете қалған, дір еткен…
Лүп ете қалған, дір еткен жүрек,
Жүректен күреп бір қуат…
Сендер айттыңдар: «Жүдепті жүрек,
Білетін оны кім бірақ?»
…Білетін мен ғой, өзім емес пе?
Өзімнен шошып ес жидым.
Айналды рахат көзім елеске
Кеш қапылдым, кеш күйдім.
Күйігі бойда, күйініші ойда,
Қиын іс – айла таба алмай.
Тәубаға сезім қиылысарда
Тәуекел тұғыр бола алмай,
Өзімнен өзім алаң боламын,
Заманға тағы сүйкенем.
Жоғалды жылдар, жоғалмағаным,
Тоналған, тозған жүйкемен.
Жоғалды жылдар, жоғалмағаным,
Тоналған, тозған жүйкемен.
Жұқарып жүйкем, Адам қоғамы,
Сүйемін сені, сүйкенем.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ