ЕБІНІҢ ЖЕЛІ

Ерітші, еріт, Ебінің желі,
Емдеші қане, деміңмен деме.
Жел-құзымды алып көңілімдегі,
Көтерші көкке, желіңмен жебе!
Бітірші маған жел-қанат демде,
Берші бір сәтке қиял-ғаламды.
Қанатымды тез қомдап ап мен де
Кезейін сендей қиян даламды.
Сілкінейін де, серпілейін де,
Үйірілейінші, жел дүлейін де.
 
Ебі желіндей ебіл де себіл
Сүйгім келеді елді менің де!
* * *
Ебінің желі лүп етті,
Төбеден жүзіп бұлт өтті.
Күнгейге шарпып нұр тепті,
Беткейде бұлақ бүлк етті.
Ебінің желі лүп етті,
Лүп еткізгендей жүректі.
Қызыққа толы түн өтті,
Қалғандай қармап бір отты.
* * *
Ебінің желі, Ебінің желі, Ебі жел,
Таңдайын қағып тамсанады екен тегіңе ел.
Жеңіл емессің сен еліктейтұғын серілер,
Аруларға ұқсап әдетің де жоқ керілер.
Жылылығыңды жұмақтың нұры депті ғой,
Салқындығыңды жұмбақтың бірі депті ғой.
Бірақ та қазір болжамның күні өтті ғой,
Ғалымдар айтсын, айтатын кезі жетті ғой.
Ғалымдар рас, қуатын-күшін өлшер де,
Жатқызар оны миллион аттық мөлшерге.
Ебінің желі жансыз жел десе сенбеймін,
Ғылымға-дағы, ғалымдарға да сенсем де.
 
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *