Білесіңдер ғой, білесіңдер ғой бәрің де,
Жүрегі құрғыр көнгісі бар ма әмірге?!
Басыңда бар ғой, басыңда бар ғой бәріңнің
Жүрегі құрғыр төзгісі бар ма зәбірге?!
Басыңда бар ғой, басыңда бар ғой бәріңнің,
Жүрегі құрғыр қырында жүрер «тәңірдің».
«Тәңірдің» қыры – өмір тықыры емес пе,
Жүрегі құрғыр қынында жүрер өмірдің.
Басыңда бар ғой, басыңда бар ғой бәріңнің,
Жүректі алдап жүйкеңе талай бағындың.
Айдаудан асқан табылар талай қиянат,
Алдаудан асқан айласы бар ма зәбірдің?..
Су етсе сезім – суырып алған жүрегің,
Ду етсе бетің – жылуы жанған жүрегің.
Мұхиттан асып, ғарышқа ұшқан заманда
Миыңның құрал-мүлігі болған жүрегің.
Жүректі жалдап, жүйкені жалғап рақатқа,
Жетіп те жүрміз жеп-жеңіл даңқ-атаққа.
Бұл құйттай жүрек ақылдың тартып жазасын
Жарылып жатыр, ұшырап жатыр апатқа.
* * *
Бір көкек биыл сұңқылдап көктем шықпастан,
Зарыға жүріп, сыңарын тауып жұптасқан.
Екеуі сосын көрінбей кеткен біраз күн
Ұядан шықпай үпілдірік пен мүк басқан.
Зарыға жүріп жалғаған жырды шырқамай,
Ғайып боп көзден жоғалған кезде бірталай,
Сұңқылы бөлек көкектің даусын іздесем,
Қаңырап маған қалғандай болар бұл тоғай.
Сұңқылдап жүріп сыңарын тапқан сол көкек,
Мезгілдік міндет, мезгілдік парыз болды өтеп.
…Ұлы бол мейлің, құлы бол мейлің мезгілдің,
Зая боп үнің кетпесе екен желге тек!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ