БОЗТОРҒАЙҒА ОДА

 
Көкте өзі, жерді кезген қиялы кіл,
Көмейден туындысын құяды бұл
Жадырап жаңбырдан соң сала берсе,
Жусанды, жуалы да миялы қыр.
Тоғытқан тоқсан тоғыз тараулы үнін,
Іш тартқан дала әншісі жарау бүгін.
Қанатын қимылдатпай құйқылжитын,
Бұлбұлмен бәсекесі бар-ау мұның.
Жақындар…алыстығын кім ұғынар?
Олардың екі бөлек ғұмырын ал:
Биіктен сайрау керек, бұлбұл құстың
Тоғайда тоқсан түрлі тұғыры бар.
Бозторғай жазирада тосылмай көп,
Астынан сүйемей-ақ еш ырғай көк,
Сайрайды көкте тұрып өз күшімен,
Оның да тұрған тұсы осындай деп.
Тік шығып түу биікке жырадан көк,
Мың түрлі тақырыбы бір-ақ ән боп,
Сайрайды ол, бейнетті де қоса атқарып,
«Мен көкте сүйеусіз де тұра алам», деп.
Көрініп тұрғанымен көзге ана шың,
Оны ешкім осы арадан қозғамасын.
Орманды ойша жасап, дәріптейді ол
Қанаты талғанынша боз даласын.
Талайсыз тағдырына күрсінбелік,
Апыр-ай, ашылмаған бұл сыр не қып?!
…Бұлбұлың мықты болса, бірер сағат,
Бозторғай орынына тұрсын көріп.
 
Жұматай Жақыпбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *