Отқа да салам өзімді, суға да салам,
(Адам ба өзін суарып шыңдамаса адам?)
Өз жүрегіммен үрлеймін өз көрігімді,
Өз жүрегіммен Өзіңді бірге жасаған.
Өз көрігіммен өртеймін өзімді-өзім,
Көрігімдегі өмірім – сезім, мінезім.
Бақыт деп білем оттарға төзудің өзін,
Балқып бір барып суықты сезудің өзін.
Бақыт деп білем буланып, балқудың өзін
Бақытты кезім – балқыған әркилы кезім.
Қара темірмін, менсінбен алтынның өзін,
Алтынан гөрі қымбаттау жарқын мінезім.
Қара темірмін, сондықтан суарыламын,
От пенен суды мәңгіге мұра қыламын.
Отқа да салам өзімді, суға да салып,
Құлпырып қунап, тот баспай тұра да аламын.
* * *
Бала деме, баласынба баланы,
Оның сенен оттырақ қой жанары.
Көп нәрседен аз болғанмен хабары,
Көп нәрседен қиялы оның жоғары.
Бала деме, баласынба, ертең-ақ
Тасты жарып шыға келер өр талап.
Заманыңның жасырма одан шындығын,
Өсірме оны көлеңкелеп, қалқалап.
Бала болса, бала шығар бүгін-ақ,
Уақыт ертең теңестірер зымырап.
Ол да ертең мұңаяр да, өкінер,
Басын тауға, басын тасқа ұрып ап.
Қайта қунап, қайта түлеп қуанар,
Тағдыр «сыйын» тәрк ете алмас, құп алар.
Топырағыңның қуаты мен құнары
Уақыт шайқап, көрсе байқап сыналар.
Бізге де уақыт берер сонда бағасын,
Ұрпағыңның көрерсің көзқарасын.
Балалық шақ оралады қайтадан
Сүю-күю арқылы өз баласын.
Бала деме, баласынба баланы,
Оның сенен күрделірек заманы.
Сен жетпеген жерге әлі-ақ жетеді,
Сен таппаған асылды әлі-ақ табады.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ