Баяғы баққа барайық бүгін,
Баяғыны еске алайық, күнім.
Жеңілдер ме екен, жеңілдер ме екен
Көп айып, мінім, көп айып, мінім…
Баяғы терек, баяғы бұтақ
Тұр ма екен, қалқам, бояуы жұтап?
Тағдырдың желі кеткен жоқ па екен
Байламын үзіп, баянын отап?
Баяғы шықтар, баяғы мүктер –
Байлаған бізді аяулы жіптер.
Қимастықпенен бір-бірімізге
Аялау менен аяуды жүктер.
Баяғы түбір болғанда шынар,
Баяғы гүлдер солған да шығар.
Өткеннің бәрін, кеткеннің бәрін
Табиғат дейтін жалған жасырар.
Сен менен бірақ жасырма түкті,
Сені ойлай-ойлай басым қатыпты.
Сенімен өткен бір минутымды
Айырбастаман ғасырға тіпті.
Баяғы баққа келсеңші бүгін,
Баяғы мені көрсеңші бүгін.
Өсіпті баққа еккен шыбығым –
Махаббатыма кеткен шығыным,
Келсеңші, соны көрсеңші, күнім!
* * *
Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын,
Бұған бірақ қалай мен жарасамын?
Болашақтың қамы үшін төзейін-ақ,
Болмысымнан бөлек пе болашағым?
Болмысымнан бөлекке үйлесем бе,
Өзім алдап өзімді күй кешем бе?
Сый бергенім сияқты қорыққаннан,
Үйленгенім сияқты сүймесем де.
Болмысымнан бөлектің не керегі,
Болмысымды шектейді ол, шегереді.
Бәрін-бәрін бойыма өлшеп берген,
О, табиғат, не деген шебер еді?..
Болмысымның көгендес көгенегі,
Тыңдайыншы, жүрегім не дер еді?
Күбірлейді, мінеки, құлағыма:
«Болмысыңнан бөлектің не керегі,
Болмысыңды шектейді ол, шегереді».
«Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын»
Бұған бірақ қалай мен жарасамын?
Болмысымды түсінбей бұйрық берген
Мінездегі мініммен таласамын.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ