Махаббат бізде бар емес пе еді дәл кеше,
Махаббат бізде бал емес пе еді дәл кеше?
Құлдырап қашқан құлын еді ғой махаббат,
Алпыс екі тамыр, жұлын еді ғой махаббат.
Қызғаныш еді қанталап көзі арландай,
Жұбаныш еді жарқырап түнде жанғандай.
Мүсәпір еді су кеткендейін мойнына,
Кісәпір еді тағына қайта қонғандай.
Аптапта тоңып, аязда терлеп жүретін
Бар еді бізде махаббат деген сормаңдай!
Биылғы жыл бұралаң иір-қиыр,
Иір-қиыр, құйындай үйірді бір.
Қап-қара бұлт төбесінен түйілді бір
Қара дауыл қапталдан шүйілді бір.
Қап-қара бұлт бұршақпен, селмен ұрды,
Қара дауыл түйіліп желмен ұрды.
Тағдыр мені тезіне салды білем
Илеп-илеп жіберер «пенделерді».
Бұлт артында білдім мен шуақ барын,
Дауыл ғой деп дәмемді құлатпадым.
Сырғақтамай, сырғымай қарсы алғанмын
Тағдырымның сыбаға-сынақтарын.
Қарсы алмасқа жоқ та еді айла-шарғым,
Тағдырымнан қашқанда қайда асармын?
Биылғы жыл бұралаң иір-қиыр,
Өкіндірдің, өксіттің…Ойланармын.
* * *
Буфеттерде, барларда
Өткен сәттер ұшаны –
Қырық таяу қалғанда
Қабырғамды қысады.
Тістелеймін бармақты
Түндер бойы ұйықтамай.
Құр жаюлы, салмақты,
Құрт-майы жоқ шыптадай
МЫРЗАБЕКОВ
Өзімді өзім бос санап,
Бас даңғырап шаршадым.
Жоқ баяғы жас сана,
Жоқ баяғы аусарым.
Озған кім де, қалған кім,
Алақанда бәрі де.
Бағы мықтап жанған кім,
Кім тәлкек боп тәңіріне?
Кім жүйрік боп алда екен,
Ілбіп жүріп бар озған.
Айтсын, озған бар ма екен
Уақыт деген сабаздан?
Озбаса, оған жоқ дауа,
Дүние дәурен таусылмас,
Әй, кешегі сары бала,
Мә, шарап іш, мауқың бас!..
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ