Мылтық атып, мылтық оқтап көрмедім,
Құс құлатып, гүлді таптап көрмедім.
Зембілдермен жаралыны көтеріп,
Окоптардан қанды соқпақ көрмедім.
Көрдім бірақ
Көп мүгедек кәріпті,
Көре-көре оларға көз қанықты.
Ести-ести жесір-жетім жоқтауын
Жырымда да содан салқын қалыпты.
Ол ерлік қой, қан майданда от кешсең,
Жауыңменен жағаласып кектессең.
Оқ та кешпей, от та кешпей зардабын
Арқалап көр бір тамшы жас төкпестен.
Соғыс көрмей, көр арқалап зардабын,
Көр арқалап соңындағы салмағын.
Сен әкеңнен, сен көкеңнен айрылдың,
Сұм соғыстың тауқыметі жан-жағың.
Ал көктеп көр, ал бүрлеп көр, қаулап көр,
Ал маздап көр, ал лапылдап, лаулап көр.
Соғыстан соң аққан қан мен шыққан жан
Құнына сен күнәһардай жауап бер!
Сен жауап бер, келер ұрпақ, өтінем,
Дүниенің тік қарау үшін бетіне.
Соғыс, соғыс!
Тастап кеткен сауалың
Жеткізбейді шалғайың мен шетіңе.
Өрті, дерті – кетер соғыс зардабы,
Кетер кегі, қайғысы да қандағы.
Бұл жалғанда жалғыз бақыт – балалық,
Менде бірақ сол балалық болмады.
Мылтық атып, мылтық оқтап көрмедім,
Құс құлатып, гүлді таптап көрмедім.
Соғыстан соң көрдім күллі зардабын,
Балалығым жоқ дейтінім сол менің.
* * *
Бір еркекті сүйді делік екі әйел,
Екеуі де өліп-өшкен от әйел.
Жар алдында екеуі де кінәлі,
Ар алдында екеуі де сот әйел.
Жеке-жеке соттайды олар өзді-өзін,
Өзі бояп жүргендей-ақ өз көзін.
Алдырғысы келмейді олар сезімге,
Қалдырғысы келмейді олар сөзге өзін.
Жар қадірін, ар қадірін біледі-ақ,
Оттың басын отыр ұстап, сыналап.
Жұрт қатарлы әйел болып келеді,
Көштен озбай, көптен қалмай тұралап.
Басы түгел, бауыры бүтін, оты аман,
Екі әйел – екі тағдыр, екі адам.
Бірін-бірі білмесе де, екеуін
Бірдей сезім бір адамға матаған.
Екеуі де айтпайды оны тіс жарып,
Айтпайды оны кетсе-дағы іш жанып.
Тарпаң сезім тар кеудеде тыпырлап,
Тынысы да келе жатыр қысқарып.
Ал еркек пе?..
Біледі оны бұл еркек,
Іші – дүлей, сырты – тылсым жүрер тек…
Махаббаттың оты өртеуден кеткен соң,
Қалғанының бәрі, бәрі – құр ертек.
Бір сезімнің сиқырымен үш адам,
Бірін-бірі матаған да, тұсаған.
Тамұққа да бармайды олар күнәдан,
Өлетін де олар емес құсадан.
Бірақ, бірақ…бір сезім бар ортада,
Шаншудайын тұрар сыздап арқада.
Өліп-өшіп сыйлайды еркек оларды
Ал сүюге қобалжи ма, қорқа ма?..
Ол арасы, ол арасы дүдәмал,
Дүдәмалға дүбара боп жүр олар.
Өмір заңы осы екен ғой, япырым-ау,
Сезімдерге шекаралар, сыналар.
* * *
Дүниеде махаббаттың бары анық қой,
Бәріміз содан туып, тарадық қой.
Туамыз бір анадан, таласамыз,
Бұл адам ішіндегі алалық қой.
Ойымыз кейде біздің осал әлі,
Баладай жағалаған босағаны.
Соғыстың соқпағына жүр сүрініп,
Ашуы ақылдан тез, асау әрі.
Десек те, деп қалсақ та ара-тұра,
Әлемді сан айналған сағатына,
Көргенде корабльдер жылдамдығын
Қалайша балалықтың санатына
Қосуға қақымыз бар санамызды
Қиялдан іс ілгері бола тұра!
Дүниеде махаббаттың бары анық қой,
Бәріміз содан туып, тарадық қой.
Туамыз бір анадан, таласамыз,
Бұл адам ішіндегі алалық қой.
Махаббат Анамыз ғой, бары рас қой,
Бары рас ұлдары да тағы қаскөй,
Бары рас Адамзаттың болашағы,
Өйткені санасы мен жаны жас қой…
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ