Алып па «Аққуымды?..»

Ақынға артық не бар самал ойдан,
Кезі екен даладай кең, даладай паң.
Кезігіп ұстай алды Мұқаш аға:
– Сары бала, бір сөзім бар, саған айтам…
Сен біздің Қарасазда болыпсың ғой,
Еркіннің үйіне кеп қоныпсың ғой,
Алып па Еркін менің «Аққуымды»,
Ел – қорық, Еркін менің қорықшым ғой.
Сондағы оқып па екен бір өлеңді? –
Деді де дегбірсіздеу түрегелді.
– Оқыған, иә, оқыпты! – деп едім мен,
Орнына түскендей боп жүрегі енді:
– Ә, бәсе, бәсе, солай болса керек,
Ақынға ақын жақсы ғой болса медет.
Сен, бала, білмейсің ғой, сол өлеңді
Жазам деп болғанымды қаншама әлек.
Мен үшін қонатын да, ұшатын да,
Сол Еркін кейде ренжіп, құшатын да.
Санаулы кітабымның бір-екеуі
«Қарлығаш», «Аққу» деген құс атында.
Ақынды құс демесе жала сөз ғой,
Қорығы – Қарасаздар… Қарасаз ғой.
Өлеңмен бірге туған біздің қазақ,
Өлеңді түсінбейтін баласы аз ғой.
 
Сары бала, саған айтам деген сөзім:
Өлең деп ұқпа барлық сен ел сөзін.
Бірақ та Қарасаз бар, Еркіндер бар,
Бар болса адамзатта егер сезім!

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *