Ақынның сезіміндей сиқыр бар ма,
Бағынбас цитаттарға, цифрларға.
Күш бар ма, құдірет бар ма ақынға тең
Күмбірлеп кеудесінен күй туғанда?
Бұл өзі таңғажайып ғажап болмыс,
Қылдай бір кірбіңіңнен азап көргіш.
Шар болат кейде бірақ шамырқанса,
Басына тамұқ туғыз, тозақ келгіз!
Қорықпайды қыпылықтап, тайғанақтап,
Қаруға қарсы жүрер қойған оқтап.
Өйткені жүрегінде кіршігі жоқ
Ол адал,
Айдан анық – Айдан аппақ.
Ақ көйлек кидің,
Көк көйлек кидің,
Ұзынын кидің, қысқарттың
Өзіңе іштей қызығып жүрдім,
Үзіліп жүрдім, іш тарттым.
Іш тарттым құлап,
Ұстарттым бірақ
Іштегі құйын сезімді.
Тізгіндеп өзім,
Тентек бір сезім
Тентіреп менен безінді.
Бойжеткен қалқам,
Ойы кеткен қалқам,
Талайдың және талайға,
Қысқартар көйлек
Ұстартар ой деп
Ойлама өмір, абайла!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ