АДАМ ЕРКІ

Адам еркі тағдырдың ырқында ма,
Тағдыр қысып, қымқырып, қымтуда ма?
Нала-мұңы жұғатын сыртында ма?
Бақыт-бағы кілттеулі құлпында ма?
Нала-мұңы неліктен бізге үйірсек?
Бақыты ғой аңсайтын біз күйінсек.
Тағдыр дейміз сапарды бір қиыр шет,
Тағдыр дейміз талқыны бір бүйір сот.
Тағдыр,тағдыр…
Кейде ол күндей жарық,
Жүрегіңді жүргені бірге айналып.
Бірге күліп өзіңмен, бірге ойланып,
Міне, осылай жүресің тағдырыңнан
Бір мұқалып, жұқарып, бір қайралып.
Дей алмаймын біз оның ырқындамыз,
Айтайын ба, айтайын, сыр тыңдаңыз:
Найзағайдай жарқылдап ойнағанбыз
Төніп келген тағдырдың бұлтында біз.
Тағдыр – тәлкек, жасқанып бұқпаласаң,
Тағдыр – талқы, талқыға тік қарасаң,
Бұқпалау мен тік қарау – жүрек ісі,
Жүрек ісі бола ма құптамасаң?!
* * *
Ақ көңілімнен әуелден таяқ жеуші едім,
Сонда да бірақ «болмаймын арам» деуші едім.
Қиналған болса, кіммен де болса бөліскем
Көңілімнің құйттай кебегі менен кеусенін.
Санымды талай соқтырған кейбір «соққандар»,
Сонда да самғап кеткен жоқ асып көп таулар.
Мен болсам біраз барымның бәрін шашып ап,
Қиналдым талай қиын боп жасау жоқтан бар.
Сонда да бар ғой, мен дағы көштен қалғам жоқ
Аяңымда да, ілбуімде де жалған жоқ.
Ақ көңілімнен әлі де таяқ жеп жүрмін,
Бір мінімде де жалғандық бірақ болған жоқ.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *