Қайырылып қарамай,
Өкпелетіп,
Көктем өтіп барады-ау,
Көктем өтіп.
Лапылдатқан,
Нажағай шатырлатқан
Күндерімнің көбісі текке кетіп…
Күркіреген,
Манадан сірә тынбай,
Кеудемдегі мына бір сұрапылды-ай!
Шілделі жаз келіп-ақ қалғаны ма,
Нөсерлеткен көктемім тұра тұрмай!
Айырмаған күлкіден көктемім де,
Қайырылмай, құдай-ау, кеткенің бе?
Жаздың қандай боларын кім біліпті,
Алып ұшып,
Алқына жеткенімде…
Сағындырып әлден-ақ отты лебін,
Сауықшылдау көктемім өтті менің.
Жаз да келіп қалыпты-ау,
Жаз да келіп…
Жаңбырлатып жетсе еді, – деп тіледім.
Сәкен Иманасов