Сыпыра Сұрғалтайұлы

Құбыладан жылы жел есер,
Арқадан суық жел есер.
Анаға қарап қыз өсер,
Атаға қарап ұл өсер.
Тоқтамыстың уағында
Құлға билік тиген соң,
Жесір қатын, жетім ұл
Қайтіп қана күн кешер?..
Сөз сөйлемен, Қарабек,
Менен саған сөз керек.
Астына қара бұл салып,
Үстіңе қызыл себелеп,
Алдаймын деп келдің бе,
Атаңа нәлет сүмелек?!
Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Ханның ұлы қарауыл,
Бидің ұлы шыңдауыл.
Ел ағасы Аға би,
Жұрт ағасы Тағай би,
Батыр ұлы Байназар,
Қожаның ұлы Қосназар,
Қожамын деп, Аллаға,
Күнәкар боп Құдаға,
Құдыңдайсың, бәтшағар!
Маң-маң басқан, маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Өркештерін май басқан
Қара нарым бар еді,
Қара нарым жоғалтып,
Жоқтап келген жаушымын,
Іздеп келген ізшімін.
Еділдің қара сулары
Көпір салмай, сай болмас.
Қара нар келмей халқына,
Қаралы кеуілім жай болмас.
Оң жаққа құрған шымылдық
Тербелер ме екен тымықта,
Ботасын ерткен қара нар
Оралар ма екен жуықта?!
Уа, Хан ием, Хан ием,
Құлағыңды сал, ием.
Талан болды біздерден
Сансыз дүние-мал, ием.
Қанды көрсе қалтырар
Қырғи құстың баласы.
Таңды көрсе, шарқ ұрар
Бұлбұл құстың баласы.
Оқ жарасы бітсе де,
Бітпес сөздің жарасы.
Көп ойланып сөйлеген
Сөзіңнің болар расы.
Жемтік болды дұшпанға
Көп ноғайдын баласы,
Көздерімнің қарасы.
Жер жетпесе еш саған,
Жерің тұр ғой алдыңда.
Көл жетпесе еш саған,
Көлің тұр ғой алдыңда.
Ел жетпесе еш саған,
Елің тұр ғой алдыңда.
Қырғи болып құтырып,
Қызыл етті аңсама.
Қаршыға болып құтырып,
Қасқыр етін аңсама.
Тұйғын болып құтырып,
Түлкі етін аңсама.
Қанқұмар болса билерің,
Қаралы заман бұзылар.
Жеткіншек болған жұртыңа
Сыпыра Сұрғалтайұлы
Беймезгіл көр қазылар.
Қызыға берме ұрысқа.
Зияны тиер ырысқа.
Себепсіз еш ұрыс болмас,
Ұрыс болса, тұрыс болмас.
Еліңді талап сен алдың,
Темірменен тең алдың.
Халқыңды жинап бір жерге,
Жеңімпаз хан атандың.
Елің әбден толықты,
Енді саған не керек?
Күн сайын қан төгіспе,
Зәрезап болды төңірек.
Ұрыстың болар өз заңы,
Қаншама қан төгілер,
Хан салығынан халқыңның
Қабырғасы сөгілер.
Күнәсіз қан жуылмас,
Біреудің малы бұйырмас.
Тентек ханды ел сүймес,
Шатақ ерге қыз тимес.
Қанды көйлек киілмес,
Тұтқын қатын сүйілмес.
Кеуілің қанша сүйсе де,
Дұшпаныңа иілмес.
Мен жыраумын, жыраумын,
Шөп басында қыраумын.
Хан қасында төремін,
Ханға кеңес беремін.
Би қасында биікпін,
Ел ішінде иықпын.
Сөз бар жерде жүйрікпін,
Шөлде жүрген киікпін.
Көл бар жерде сүйрікпін,
Құс бар жерде қанатпын,
Күш бар жерде қуатпын,
Өсек сөзден жырақпын.
Көп хандарды мен көрдім
Елін, халқын жылатқан.
Қарағай сапты ақ найза
Батырларды құлатқан.
Даналар айтқан асыл сөз
Елді аузына қаратқан.
Сары жай атқан сансыз оқ
Көп халықты жылатқан.
Алла тағала адамды
Тату бол деп жаратқан.
Мен дүниеге келгенде
Әділетсіз хан көрдім,
Бейкүнә өлген жан көрдім,
Сауға болған дұшпанға
Есепсіз жүрген мал көрдім.
Алла тағала әмбеге
Бөліп берген ырысты.
Соның үшін, хан ием
Көксемегей ұрысты.
Бейнетпен мал жинаған
Мәртебесі мол болар.
Бейнетқордың малы өсер,
Тама-тама көл болар.
Момын елдің жаны өсер,
Ақырында ел болар.
Жанжалкеш ел жауласып,
Жұрт арасы қан болар,
Қара жермен тең болар.
Ұрысты онша көксеме,
Етек тарылып жең болар.
Бағы тайса еліңнің,
Қақаған қыс болса да,
Мұз айырылып сең болар.
Момын елге тимегін,
Кеуілінде мұңлы шер болар.
Ерегісіп қоймасаң,
ЬІзалы ел бірігіп,
Қылыш алып қолына,
Қатыны да ер болар,
Сеніменен тең болар.
Күшейіп кетіп ел сенен,
Етек-жеңің сел болар.
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *