1
Жанымның назымысың, сазымысың, –
қасында келеді өтіп жазы-қысым.
Өзіңе арқандалған көңілімнің
алысқа жібермейтін қазығысың.
Түбінде таусылар деп бір шыдамы,
біздерді күн сынады,
түн сынады…
біріне қайыспай да,
майыспай да
баяғы құтты орныңда тұрсың әлі.
Аздай-ақ қызығымыз біздің көрген,
тірліктен қашсам ба деп тізгінделген,
кейде бір бұлқынып та,
жұлқынып та,
арқанды аласұра үзгім келген…
Өзгеге арналды ма көп өлеңім,
әйелдік жасамадың,
елемедің, –
сездірдің сенсіз күнім қараңдығын,
тірлікте мен де саған керек едім!
Тарылып кеткендей-ақ өріс кейде,
ұмтылдым күнгейге де,
теріскейге,
шайқамай тұнығымды,
қылығымды
кешірдің көріспей де…
келіспей де.
Оп-оңай айырмасаң жезді асылдан,
абысын сөзі қашан тез басылған?
Менің де арқандаулы көңілімді
келесің алыстатпай өз қасыңнан!
2
Амал қанша,
адамдай-ақ түк білмес,
жақсыны да,
жаманды да ұқтым кеш:
шашылмасам жақынға да,
жатқа құр,
басыма кеп қонар ма еді бақ та бір…
бақыт құсы шыр айналып төбемнен,
кеудем озық жүрер ме едім көп елден.
Жұрт алдында жәбірледі мені кім,
басым түсіп,
баспағанда желігін:
білместігін бетіне айтып «мықтының»,
асқағырақ естілмесе тіпті үнім,
суырылып, сөйлейтін бір кезде де,
кезек беріп отырғанда өзгеге,
азаматтың
өп-өтірік көлгірсіп,
отырғанын көре тұра,
мен қырсық
араласып арзымайтын ойранға,
кекірейе қалғанымды қойғанда,
зәлімдерден зәбір көрген бала ма, –
шыр-шыр етіп түспегенде араға.
Марапаттап –
қатыны ма,
иті ме,
күле қарап қайдағы бір күйкіге,
өкпелетпей көңілдес көп құрбымды,
бас пайдамды ойлағанда бір күнгі,
ойлағанда барлығының зардабын,
мен осындай болмас едім, ардағым,
отырар ең бес бөлмелі пәтерде,
бірақ онда…
болмас ем ғой сен сүйген
Иманасов Сәкен де!
3
Біздің үйге кім келіп, кім болмаған,
күні-түні төрімізге толды адам, –
құлағым да тыныш еді қашаннан,
жұмағың да осы араға орнаған.
Ерте-кеш пе,
түн ортасы ауды ма,
жолдастарым жетер еді даурыға,
дастарқанға үюші едің барыңды,
әзіліңмен тыюшы едің дауды да.
Кісі келсе –
қабағыңды бір шытпай,
кішіге де жауап беріп,
қырсықпай,
не деріңді білесің-ау бәріне,
үйіріліп жүресің-ау ұршықтай.
Ағалар ма,
алыс кеткен атағы,
болып-толған бабалар ма баталы,
қағынып-ақ тұратын бір қайның ба, –
бәрі саған «жағынып-ақ» жатады.
Қарапайым колхозшы ма,
ғалым ба,
жетті сенің пейілің де, наның да,
алдарына жайдың бәрін,
не керек
қайғырмадым, қалқам, сенің барыңда.
«Сиқымызды» сынай келген шіркін бе,
барлығымен сөйлесесің бір тілде.
Өз үйімде өспеуім де ендеше,
осындайда бөспеуім де мүмкін бе!
Саған айтар сыры да бар,
бар мұңы,
көңілі хош аттанады барлығы,
Түңілмейді жақыным да, жатым да,
білінбейді үйіміздің тарлығы.
«Жаман адам жақтайды, – деп, –
қатынын»,
құрдастарым айта берсін «ақылын»,
бағым да сен маңдайыма бұйырған,
тірлігімде таңдайыма татырым!
4
Қараумен қабағыма күн-түн менің,
алдыма түсіп алып бүлкілдедің, –
өзіңді аңсап келіп құштым қанша,
біресе шаршап келіп, зіркілдедім…
Аңғарып айтарымның бұл емесін,
әзілмен жуып-шайып жібересің,
ерінге ойнақы әуен үйіріліп,
менің де көп ұзамай «кіреді есім».
Кейде бір үйімізге кісі келмей,
қарадай қапаланам,
ісім өнбей,
арайлым, айналамнан жан таба алмай,
қараймын тағы саған,
түсінердей…
Жүресің үйлестіріп өзің көбін,
білмеймін,
қандай ғана төзімді едің, –
әйтеуір, ерте кетіп, кеш келгенде,
түнімен мені күтіп,
көз ілмедің.
Білмеймін,
пейілің бе,
зейінің бе,
тұрады жүзің толып мейірімге,
сөз болып көрген емес,
кейде менің
ұзаққа созылатын «сейілім» де.
Жүргенде бағумен-ақ күн-түн мені,
бір рет қабақ шытпау мүмкін бе еді?
Шалынбай құлағыңа қалсын қалай
арзымас ағайынның күңкілдері.
Тарылмас тәрбиелім, бөлек өскен,
келесің соның бәрін елеместен,
ақылмен арашалап жүрсің мені
талай бір тура келген төбелестен.
Қолы ашық,
пейілі кең берекелім,
үйімнің төрт бұрышын төр етерім,
жүрмесем болғаны да кештеу ұғып,
бағым да басымдағы сен екенін!
5
Көмейіңде көміліп бір тұрды өкпең,
мен де сезбей жүр деп пе ең…
Араласпай
ағайын
дос,
елге кеп,
жұрағаттан жырақтала берген ек.
Жөні бар ғой
думанның да,
тойдың да,
бәрі есімде,
бәрі менің мойнымда,
көптен бері от басынан ұзатпай,
өз қасыма жіпсіз байлап қойдым ба?
Келді ме әлде сөйлегің де,
делебең де қозды ма, –
бір киерлік көйлегің де
босқа тұрып тозды ма?
Қинай берме мені күнде,
қиылма да,
шыда сәл,
өкпең тарқар,
өмірің де
тойдан тойға ұласар.
Жүр деп пе едің бекерге мен,
қариды ішті әлі ызғар.
парыз қанша өтелмеген,
қайтаратын қарыз бар.
Білмей жүр деп ойлама,
лайықты орын керек,
көңіл керек тойда да.
Күндерім бар есе кеткен,
түндерім бар текке өткен,
көп көтерме,
қошеметтен
солар мені шеттеткен.
Бастан асып тұр қайғым,
сондықтан мен
құрметке де,
дүрмекке де енді мойын бұрмаймын.
Ойлап тұрсам –
шындығында
думандатқан көпке еріп,
өзімді-өзім бара жаттым жек көріп.
Ойын-күлкі арасында өтті күн,
қарап тұрсам –
бұлдайтын да жоқ түгім,
Бақ жанбады неге мүлде
қырық белес қырды асып?
Дәмелі үміт дегенің де
бір ұстатпай, жүр қашып.
Әзірге бар бітіргенім,
бітіргенім дейін бе? –
жұрттың бәрін шақырумен жүргенім тек
мейірге,
жүріппін тек көрмесем деп,
тоғышардың тоқ күйін,
жершілдікті жерлесем деп, –
құн төлемей көк тиын.
Алауыздық болмасын деп,
қырымда абад – жері кең,
бір әділет орнасын деп,
шырылдап-ақ келіп ем,
осалдығым сезілмесін деуменен,
қара тастай қаталдықты
қақтым қанша кеудемен.
Азабым да аз ба менің салғаннан, –
бүгіле де жаздап едім,
шарт сынуға сәл қалғам,
Әлі ататын таңдарым да,
арманым да көп мүлдем,
бола қойған,
тола қойған жоқпын мен.
Аз ба, бірақ, берген үлгім,
болды ма өмір өрі елең, –
Көп ұзамай мен де елімнің
құрметіне бөленем.
Сондықтан да
өкпелеме текке сен,
болмайды екен осылай бір етпесем, –
арамызда қулар қанша,
сұмдар қанша кергіген,
солармен бір шайқасуға кірісемін енді мен.
Қол-аяғым бүтін әлі,
бес қаруым бойымда, –
қайда қашып құтылады
думаның да,
тойың да,
қайда қашып құтылады,
сөз аяғын былай ұқ:
құрметке де,
дүрмекке де болайық та лайық!
Сәкен Иманасов