Ағат кеткен кезіңде,
Әр ісіңді еске алып,
Албырттықтың өзін де
аңғарамыз кеш барып…
Бұл өмірдің парқына
Жүріппіз-ау бойламай,
Тіршіліктің шарты да
Көп екенін ойламай…
Барлығы да оп-оңай
Секілденіп көңілге,
Тайраңдаған ботадай
Көрінетін өмір де.
Алдымызда күз бар ма.
Біз шығатын шын мәлім, –
Оқушы едік қыздарға
Қасым ақын жырларын.
Кісі алдында кергіп ек,
Көрмеген ек жасқанып,
Бала емеспіз енді деп,
Батыл сөйлей бастадық.
Шетімізден кіл «құдай»,
Безер едік, бейпіл ек,
Жамбылды да (сұмдық-ай)
ақын емес дейтін ек.
Аузым бар деп көкідік,
сөйлеу үшін қалайда,
Тымырайып отырып,
тіл тигіздік Абайға.
Тегіміз де белгілі,
теңімізді іздедік.
Осы өмірдің ендігі
иесі де біз дедік.
Тектілерді қудық кеп,
тентіреуге шақ қалдық,
батырақтан тудық, деп,
бәтуасыз мақтандық.
Жақсылардың орнына
жармасуға аз қалып,
Сойыл беріп сорлыға,
тізе бүге жаздадық!
Атасының ерлігін
жасырғандар – жүлде алып,
Жеріміздің кеңдігін
жатып келіп бұлдадық.
Өмір оған қарамай,
өте берді зымырап,
Бірде алдады баладай,
бірде қатал қырына ап.
Көрсеткенде күш ұлың,
шара таппай тыярлық, –
Бірде қатты қысылып,
бірде жаман ұялдық.
Әйтсе де біз, ерлерше
Сүйдік,
күйдік,
жирендік,
Қолымыздан келгенше
кісілікті үйрендік.
Бүгін айтар сөз бөлек,
Білдік енді ар құнын, –
Кеш те болса сезген ек
қателіктің барлығын.
Жүре алмадық күліп тек,
қырындаумен қызға көп.
Жиырма бесте жігіт боп,
отызда – орда бұзған ек.
Жіберсек те қате мың,
Іш кептіріп «ішімдік»,
Әппақ жолы әкенің
таза екенін түсіндік.
Есеп беріп сөзіңе,
Ұялғаның бұл күннен, –
даналықтың өзі де
осы ма деп жүрмін мен.
Кісі болып қалшы өзің,
қамшы орнына, жыр сілтеп, –
Кешегі ағат әр сөзің
көкейіңде тұрсын тек.
Сәкен Иманасов