Жырымды оқыдым.
Үн-түнсіз қалды зал іші,
Естіліп тұрды масаның ғана дауысы.
Ақсиып тұрды алдымда бетон қабырға –
Құрыш қолдардың табысы.
Күтетін едім алғы күндерден шапағат,
Бəрі де үнсіз.
Арқама менің батады-ақ.
Желке тұсымнан желігіп өтіп баратты,
Далбаса жырға соғылар даңғой шапалақ.
Қауызын аршып ойымды менің кім түптер?!
(жүрекке шөккен запыранды кəні іркіп көр!)
Елітіп ағар бір тамшы жасты жібермес,
Түрменің торы секілді қара Кірпіктер.
Үзіліп кетпей қыл ішек–сезім безілдер,
Бəрі де үнсіз.
Жаратқан ием, төзім бер!
Күмістей таза сəби күлкіні түнетпес,
Ес біліп барып ескіріп кеткен Езулер.
Сардала жортқан сағымдай сарсаң санам кіл,
Ақиқат – өлең оқысам деймін саған бір.
Оқысам деймін, мəңгіріп қалған маңайым,
Өз тілін өзі жұтып-ақ қойған қоғам бұл.
Бұл күнде, білем, болып-ақ кеткен жұрт егей,
Қайтесің сосын, Омар Хаямша сілтемей…
Қайтесің сосын, күллі əлем мұңын мұңдамай,
Үйіңде жатып күркедей…
Өтеді жылдар қобыз кеудемді ше
ртумен,
Өтеді жылдар «Мен атайын да, Сен тұрмен!»
Ақтық күніңнен – ажалдан да ауыр үнсіздік,
Қазақтың барлық ұлы шайырларын өлтірген
Мұрат ШАЙМАРАН