ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА

Көз алдымда желөкпелеу толқындар,
Теңіз жатар аспан өңдес сұрланып.
Əлі есімде сол бір қайраң,
сол құмдар,
Мен өзіңе тұрдым қарап ұрланып.
Қара айдынға құлайды күн мастанып,
Алау-жалау өрттей жанып жамалы.
Қол тимеген сенің қолаң шаштарың,
Аппақ мəрмəр иығыңды жабады.
Сезіміңнің нəзік жібін кім ескен,
Жаһанның да жанарында жалқы мұң!?
Қайың сынды жұмырланып тік өскен,
Жəне сазан бауырындай балтырың.
Теңізге емес, мен өзіңе арбалам,
Əсемдіксіз əлем мəні жоқ маған.
Төсіңдегі ақ толқынға таңқалам,
Көкке шапшып, өркештене тоқтаған.
Кір өмірге кіріптармын – сол қайғым,
Шайырлардан қалған ескі сарынмын.
Сені адамнан туды десе нанбаймын,
Туындысы сияқтысың Тəңірдің.
Шаһзадаға ертегі айт деп қиылған,
Патша – көңілім бұл күн мың бір түнде ояу.
Жұлдыздардың жарығымен құйылған,
Сенің бейнең шұғылалы мың бояу.
Тəугі шақтың суретіндей киелі,
Қайсы ақынның кірмедің сен түсіне.
Жыртып желге жем қылар деп кім оны,
Бір алапат күман жүрер ішімде..

Мұрат ШАЙМАРАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *