Өлең -жырым – жан серігім, сыңарым,
Жамандыққа кім қияды сыңарын.
Туған жердің топырағы түйілген,
Жебеп жүрер қасиетті тұмарым.
Бөгде жұртқа бүйрегіңді бұрсаң да,
Апақ-шапақ араласып тұрсаң да.
Туған жердің топырағын қомсарсың,
Өзге елде сән-салтанат құрсаң да
Шаңқау басып, зәмзәм суға қансаң да,
Бал ауадан тойып ләззат алсаң да.
Туған жердің ауа-суын қомсарсың,
Жер жаннаты «Жерұйыққа» барсаң да.
Жат еліңде жалтақтамай жүрсең де,
Көп қатарлы сый-сияпат көрсең де.
Қатар өскен достарыңды қомсарсың,
Жарасымды, жайлы өмір сүрсең де.
Жұпар иісті жусаным мен құрағым,
Бұрқыраған иісіңді аңсап тұрамын!
Туған жерде елжіретер жүректі,
Бір құдырет барлығы хақ, ұғарым!
Шындық,
Шындық,
Мен көтерген ұраным!
Шырылдаған бозторғайым,
Жыр-әнім!
Әлі талай тебіреніп, толғанып,
Туған жерге аттың басын бұрамын!.
Төребай Сәрсенбаев