Жырласа ел, Төле биді жырласын

Тоқсан үш жыл ғұмыр кешкен ғұлама,
Өзің жайлы жыр жазбасам бола ма?
Ұрпақтарың ұран салып келіп тұр,
Басыңды бір көтерсеңші, о баба!
300 жылдай болып келген аты аңыз,
Данагүлге бақыт берген батаңыз.
Сабалақты Түркістаннан алып кеп,
Қазағыма хан көтерткен ата, Сіз!
Қазағымның аман болсын басы деп,
Қалың елдің ырыс-бағын ашты кеп.
Көне жұрттан көшпей қалған кемеңгер,
Бұза алмай ұясын қарлығаштың деп.
Қарлығаш би атап кеткен содан ел,
Көп мағына ұғынады бұдан ел.
Даналықпен түзу ұстап саясат,
Қалың қазақ болмасын деп бодан ел.
Ғұмыр кешіп қазақ деген халық үшін,
Ала білген қалың елдің алғысын.
Есім ханның ескі жолын ескеріп,
Әз-Тәукенің жасап берген жарғысын.
Жақсылыққа бастай жүріп халықты,
Ұға білген жаңалықты, жарықты.
Қожа Ахметке көк күмбезді салдырған,
Темірді де ел ішіне танытты.
Ташкентті 12 жыл билеген,
Билей жүріп басын жауға имеген.
Қынабынан шығармай-ақ қылышын,
Қас дұшпанын қызыл тілмен түйреген.
Қазақ-өзбек бір туысқан екен деп,
Қос халықты бір қазыққа көгендеп.
Жатырсың ба тілеулес боп біздерге,
Ташкенттің топырағын мекендеп.
Төзе білер түссе-дағы сынға мың,
Қазақ рас, кенде емес ұлға шын.
Халық қамын жеген Төбе би,
Тарихта қайталанбас тұлғасың.
Тыңдаса ел Төле биді тыңдасын.
Жырласа ел Төле биді жырласын!
 
Ақшагүл Төлегенова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *