Айтатын шындықты ашып шақ келгендей,
Жеріме хақы бар ма ат бергендей?
Заураловка деген де ат қойыпты,
Көтеріп Орал таудан ап келгендей.
Донской, Невскийге совхоз бердік,
Ел қорғап, олар біздің жақта өлгендей!
Байлайтын есіміне елді мекен,
Қазаққа Киров қорған болды ма екен?
Чапаев Көксеңгірдің кегін қуып,
Гагарин осында кеп қонды ма екен?
Даланың ыстығына күйіп Щорс,
Буденный суығына тоңды ма екен?
Антонов, Алексеев, Николаев
Қазаққа көңілін көп бөлді ме екен?
Чехов пен Максим Горький Көкшетауды
Мағжаннан артық жырлап берді ме екен?
Мағынасыз Еңбекшілдер орынына
Біржан сал заңға томпақ келді ме екен?!
Бергендей бір ауылды Ждановқа,
Ізгілік жолында одан із қалып па?
Ленинград, Ленин, Ильич, Коммунизм,
Комсомол атын әбден тұздадық па?
Разгульное, Раздольное, Привольное,
Озерное мекен бопты жүз халыққа.
Нагорное, Совхозноеға берген атты
Восходское, Западноедан қызғанып па?
Приречное, Заречное, Подлесное
Деп жердің сәнін әбден бұзбадық па?
Басқасы аз болғандай ауыл атын
Бердік қой Карась деген бір балыққа.
Қырымбет ауылына қырын кетіп,
Ұялмай Баррикада құрмадық па?
Мәні жоқ жер аттарын түзетуді
Ойлайық, салынбай құр қызбалыққа!
Жүрмейік бірақ ұзақ ырғалып та,
Келдік қой ырғалғаннан құр қалып та.
Жерімді орап әкеп түсірді ғой,
Целинное, Дружба деп бұғалыққа.
Көптігін, күштілігін міндет қылып,
Бір халық би болмасын бір халыққа.
Тек қана тең халықтар арасында,
Сыйластық болатынын ұғалық та.
Ақыл-ой, ар-ұятқа жүгініп біз,
Жолына азаттықтың шығалық та.
Әркімге білгенінше ат қойғызбай,
Кез келді түсіретін бірқалыпқа!
Ат қою жоғарыдан нұсқалыпты,
Нұсқауға қарсы шыққан «қысқарыпты».
Өшіріп ел тарихын санасынан,
Мәңгүрт қып билеу жолы ұсталыпты.
Сол оймен ұмыттырып бабаларды,
Көтерген Келлер менен Чкаловты.
Ардақты Смағұлдай есімдерге
Кісен ғып салып қойған үш қаріпті!
Жер алса Балкашин мен Ломоносов,
Ойыңды отты қамшы алады осып.
Куйбышев, Котовский, Рузаевтар
Аталып, ұмыт қалды ағам Досов.
Жиналып қырдан келген, ойдан келген,
Даланы ат ойнатар майдан көрген.
Теңіз, мұхит түгілі, көлшігі жоқ,
Далаға Краснофлот қайдан келген?
Красноармейск, Краснодольское, Красный Яр,
Краснокиевка, Краснокаменка, Поляны бар,
Көгілдір Көкшетауды жан-жағынан
Құрсаулап тастапты ғой «красныйлар»!
Чаглинка деп аталып Шағалалы,
Көкшетау Синюха боп саналады.
Синюха-минюхадан келер ұрпақ
Көкшені қалай іздеп таба алады?
Степняк, Станционныйдың мағынасы
Әйтеуір бірдеме ғой даладағы!
Шынымен,қазақ аты жоғалар ма,
Жоқ әлде жағдайымыз оңалар ма,
Атамнан Айыртау боп қалған жерім,
Айналды-ау бір-ақ күнде Володарға,
Торы атты тағы өлтіріп, Придорожный
Дегенің сыя ма жөн-жобаларға?
Щучье, Боровое, Чистополье,
Қазақтың жерінің аты бола ала ма?
Далаға азаттықтың ақ туы боп,
Ақиқат, әділеттік оралар ма?!
Ел үшін Абылайлар атқа қонған,
Кенесары, Наурызбай отқа барған.
Би Қанай, Аңғал батыр, Науан хазірет
Кем бе еді қос-қос жұлдыз таққандардан?
Орынбай, Шөже, Арыстан, Балуан Шолақ,
Жырлары жадта қалған, хатта қалған.
Жақан, Еркеш, Мұса, Шахмет, Мусин, Саин,
Басқа да тұлғалар көп соқталанған,
Атында сол ерлердің бір белгі жоқ,
Аршылмай шындық жатыр оппа қардан.
Далада аяқ алып жүре алмайсың,
«Ский»мен«ое», «евка», «овкалардан»!
«Овкасы»бітсе,тағы «овосы» бар,
Өзгертпек болсаң оны,«но-носы»бар.
Дауысқа салып дұрыс шешпек болсаң,
Үніңді өшіретін «го-госы»бар.
Теріске көп екен деп көнбеу керек,
Тізгінді бетсіздікке бермеу керек.
Бір кезде бір указбен бүлдіргенді,
Бүгінде бір жарлықпен жөндеу керек!
Қазақтың жүрегінде мұңы көп қой,
Әлемге әйгілейтін жыры көп қой.
Жерімнің атына да, затына да,
Басқаның таласатын жөні жоқ қой.
Өзінің білгенінше билеп-төстер
Арқалап алып келген жері жоқ қой.
Бабамның қаны сіңген даламызда
Ешкімнің әкесінің құны жоқ қой!
Б.Әлімжанов