Өміріммен өтер болды-ау бұл өлең,
Бір маза жоқ, кілем тоқып, гүл өрем.
Асқар тауға ақша бұлт боп қонақтап,
Қара жерге қара аспандай түнерем.
Өміріммен өтер болды бұл өлең.
Таңмен атып, күнмен бірге жатамын,
Таусылмайды, бітпес сірә сапарым.
Өзегінде өлең ағып жатпаса,
Өгейситін сияқты осы Отаным.
Өлеңімсіз өмір сүрмес болыппын,
Өлеңімсіз өмір де жоқ, борықпын.
Ақындық бір жазылмайтын дерт екен,
Ақындық бір ауру екен, соны ұқтым.
Ақын деген лапылдаған өрт екен,
Ақындардың жанып өту — серті екен.
Бықсымаспын, шалам қалмас артымда,
Жана алмасам, ерте келдім, ерте өтем.
Жанып өтем, жанбай қайтіп тірі өлем,
Жаумай қайтіп, жаумай қайтіп түнерем.
Тіл тиылмай, жүректынбай тынбайтын,
Өміріммен өтер болды бұл өлең…
Мұқағали Мақатаев