Қысқа жіп келмей күрмеуге,
Қысқа жіп келмей байлауға,
Қысылып жүрген құр кеуде
Қыжылдап босқа қайнауда.
Өзімді бітеп өз демім,
Өзді өзін сезім қамауда.
Өткізген сәтсіз кездерім
Өрт болып ішті жалауда.
Қамықпа дейсің сен маған,
Қамықпай қалай тұра алам?
Жел айдап, алға самғаған
Қайықты қайтіп бұра алам?
Қамықпа дейсін, жарқыным,
Қамықпан, мақұл, қамықпан.
Қамыққан жүрек, ал тыным,
Ал тыным, жүрек жалыққан.
Мұқағали Мақатаев