ШАРШАДЫМ БІЛЕМ



Шаршадым білем.
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе адыра қала береді.

Өлеңі құрысын,
Таппадым одан миятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.

Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей-ақ жүр ғой,
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдене етермін.

Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен-өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *