Әні Ә. Тінәлиевтікі
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Біріміз бірімізден арылармыз,
Ақыры шыдай-шыдай жалығармыз.
Қ а й ы р м а с ы:
Біздерді жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жан екем жаралмаған күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Қ а й ы р м а с ы:
Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Қ а й ы р м а с ы:
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Біріміз-бірімізден арылармыз.
Дүкендерде том-том боп тұрмасақ та,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Қ а й ы р м а с ы:
Біздерді жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Мұқағали Мақатаев